Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
 
ШЫН ҒАШЫҚПЫН СОЛ АДАМҒА 08.02.2016

Ақпан айының 5 жұлдызында Байсерке ауылындағы №12 орта мектебінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Менің Мұқағалиым» атты жыр мүшәйрасы биыл 8 рет өтілді.
Поэзияға деген махаббаты ерекше жастар тағы да бір рет қара өлеңнің күпісіне шапан жапқан ақиық ақын Мұқағалидың жырынан сусындады.
Мұзбалақ ақынның рухына құрмет ретінде «Мұқағали оқуларын» өткізуді дәстүрге айналдырып келген оқу орны бұл шараны жыр құмар ұстаздар мен оқушылар шығармашылығын дамыту, ақын шығармашылығымен етене жақын таныстыру мақсатында ұйымдастырды. Сонымен қатар жас ақындардың шеберлік деңгейінің биіктеуіне және жыр құмар қауым талғамының өсуіне игі ықпал жасауды, жастардың рухани өмірге белсене араласуына қолдау көрсетіп, мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне, қазақ өлеңінің өркендеуіне үлес қосуды мұрат тұтқан мүшайраға аудан көлеміндегі барлық орта мектептердің талапты, талантты шәкірттері мен ұстаздары өз шығармаларын бәйгеге қосты.
Қалың бұқара іздеп оқитын, шығармалары заманамен бірге жасасып келе жатқан ақын Мұқағали Мақатаевтың өзі жырлағандай жиырмасыншы ғасырда туылып, жиырма бірінші ғасырдың құрдасындай жыл сайын әдеби-шығармашылық кештері аудан көлемінде өткізіліп келеді. Оқырманның жүрегінің түбіне терең бойлайтын, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған ақын шығармаларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Сол дарынды жастарға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып отырған мүшәйра алғаш 2009 жылы өткізілген болатын. Бұл игі бастаманы көтерген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Жарқынбеков: «Ақиық ақын М.Мақатаевтың 85 жылдығына орай бұл мүшәйраның өткізілу форматын өзгертіп, ақын ұл-қыздарымызға қолдау білдіріп, жаңа бір бұлақтың көзін ашу үшін дәстүрлі түрде осы мектепте ұйымдастырамыз. Бұл оқушыларға әдебиетке оның ішінде поэзия жанрына деген махаббатына жол ашу», - деп оқушылардың шығармашылық өміріне сәттілік тілеп, жырға жанашырлық және ұстаздық ұлағатын жеткізді.
Мүшәйраға қатысушылар «Менің анкетам» өзін-өзі таныстыру, «Мен ескерткіш қоямын басыңызға, асыл аға!» шығармалары бойынша сахналық көрініс, Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқу немесе әндерін орындау, шығармашылық тапсырмалар тіл, Отан, Елбасы, табиғат, махаббат, тәуелсіздік сынды тақырыптар бойынша өздері 1-2 шумақ өлең құрастыру, «Мұқағали әлеміне саяхат» сұрақтарына жауап сияқты төрт бөліммен сайысқа түсті
Әр айдар бойынша 1 шығармаларын мәнерлеп оқып, жиылған жұртты поэзия әлеміне жетеледі.
Мүшәйрада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Жарқынбеков, Жетіген ауылындағы Мәдениет үйінің директоры Ғ.Сембеков, аудандық тілді дамыту орталығының директоры Б. Қаршалова, «Жас Отан» жастар орталығының директоры Ж.Тәттімбетов шығармаларды сараптаудан өткізіп, бағасын берді.
Қазылар алқасы қорытындысы бойынша ұстаздар арасында: бас жүлде - Жұлдыз Уалихан (Ащыбұлақ), 1-орын Айдана Нургалиева (Байсерке), 2-орын Балжан Кұрманова (Байсерке), 3-орын Марал Хабаргельдина (Өтеген батыр) мен Арай Татенова (Чапаев). Оқушылар арасында: бас жүлде - Руслан Джолдасов (Байсерке), 1-орын Ілияс Әкебек (Байсерке), 2-орын Карима Даутхан (Жетіген), 3-орын Жадыра Жанарбек (Боралдай) мен Аршын Серікбай (Жетіген) аудан әкімінің мадақтама қағздарымен мараптталып Жетісу аймағының шұрайлы жерлерін бейнелеген элюстрациялық кітаптар сыйға берілді. Сонымен қатар байқауға қатысушылардың барлығы сыйлықтармен марапатталды.