Басты  - АҚСАҚАЛДАР - АЛЫНБАС АҚ ҚАМАЛЫМ...
 

 
 
 
АҚСАҚАЛДАР - АЛЫНБАС АҚ ҚАМАЛЫМ... 07.12.2015

Өткен жұмада ҚазЦИК ауылдық округіндегі Комсомол ауылындағы қабырғасы жаңадан қаланып биыл ғана қолданысқа берілген №31 орта мектептің акт залында аудандық ардагерлер конференциясы өтті. Оған «Нұр Отан» париясының мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымдарынан сайланған делегаттар, олардың төрағалары мен өкілдері, округтердің қоғамдық Кеңес төрағалары, ауыл әкімдері, аудан мекемелерінің басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер шақырылған.
Сонымен бірге конференцияға аудандық мәслихат хатшысы Е. Тұрымбетов, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы А.Сыдық, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, мемлекеттік мекемелері ардагерлерінің төрағасы Ж. Балтабеков қатысты.
Бұл күндері аудан көлемінде қандайда болмасын іс-шаралар ақсақалдарсыз өтпейді. Олардың президиумда отырысы көңілге тұрақтылық көрсетіп қана қоймай іс-шара барысында ақыл-кеңестерімен ақ баталарын ақтарып отырады. Жастарға бағыт- бағдар беріп, жөн айтуларының өзі бір төбе ғой.
Сонымен конференцияда алғашқы сөз сөйлеген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлының есебіне кезек берсек. Ақсақалдар қазір ауданымыздың ең белсенді жандарына айналған. Облыс бойынша 194000 қарт болса, оның 17 497 біздің ауданға тиесілі екен. Өткен ғасырдың зұлматы Ұлы Отан соғысының ардагерілері 31, 1250 тыл ардагерлері бар. Осы ардагерлерден 69 бастауыш ардагерлер ұйымы құрылып, 30 аса топ жұмыс жасауда. Барлығы аудандағы жалғыз ардагерлер ұйымына бағынады.
Ауданымызда 2012 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасына байланысты, қоғамда өзін-өзі басқару саласында басында 47 Кеңес болса, биылғы жылы оның саны 83 қоғамдық Кеңеске жетті. Оның 77 төрағасы бар. Атап айтсақ, 561 көше төрағалары, 234 көпқабатты үйлердің – 198 төрағалары және де басшылыққа сайланған 575 адам бар. Есепті мерзім ішінде аудандық ардагерлер ұйымының 2 конференциясы, аудандық Кеңесте 6 жиын өткізіліп, оларда әртүрлі 12 мәселе қаралып, талқыланған. Биылғы 2015 Кеңестің жиындарында 2014 жылда атқарған жұмыстар қорытындыланып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дайындық жұмыстары мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасын жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерекесі бойынша атқарған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, үздіктер облыс әкімінің, аудан әкімі мен аудандық ардагерлер ұйымының мақтау қағазымен марапатталды. Ал, осы ардагерлер ұйымы не үшін керек деген сұраққа келсек... Олар үш бағыт бойынша жұмыс жасайды: біріншіден, зейнеткерлердің тұрмыс-тіршілігін қадағалау, екіншіден, қоғамдық ауызбірлік бағыты, үшіншіден елді-мекендердегі идеологиялық жұмыстарды жүргізу. Міне, қоғамымыздағы маңызды рөлдің қожайыны осы аяулы жандар.
Енді бірінші бағытқа келейік. Биыл бәрімізге ортақ фашизмге қарсы жеңісіміз Ұлы Отан соғысына 70 жыл толуына орай мерекелер мен іс-шаралар өтті. Аталмыш мерекеде барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 млн. 200 мың теңге бөлініп, жаңа костюм, жейде галстуктерімен, туфли, қалпақ пен сүйеніш таяқ, естелік қабырғаға ілетін сағаттар сыйланды. Бір ардагер Астанада Ұлы Жеңісті қарсы алса, тағы біреуі Мәскеу қаласында болды. 10 округте жаңадан ескерткіш тақталар ашылып, арагерлердің есімдері жазылды. Сонымен бірге аудандағы басты ескерткіштің бірі «Үш ұрпақ» ескерткіші кәсіпкерлердің көмегімен қайта жаңартылды. Одан қала берді 10 округте де ақ әжелер ансамблі жұмыс жасайды.
Екінші бағытта ауызбіршілік. Аудан көлеміндегі 5 этно- бірлестікте ардагерлердің орны бір бөлек. Әр ұлттан құралған ілеліктер дәл осы этнобірлестіктің қоғамдық орнындағы дәрежесін биіктетуде. Әр ұлтпен ұлыстың салт-дәстүрлері мен қолөнерлерін және басқа да баға жетпес құндылықтарын кейінгі ұрпаққа үйретуде орасан зор еңбек етіп жатыр. Әсіресе қазақ тілін үйрету орталықтарында тілді үйренуге деген ықыласты жандарға көмек қолдарын беріп тұрады.
Үшінші қоғамдық байланыс. Маңыздысы да осы. Жастар қазір жалпылай дінге бет бұрғандықтан олардың жанында міндетті түрде өмір көрген ақсақалсыз бағыт алу қиындыққа соғуда. Әрқайсысы өз білгенімен жүру ислам дінінде адасушылыққа алып келетінін бәріміз білеміз. Осы осалдық пен олқылықтың орнын ақсақалдармен бірігіп шешіледі. Аудан көлеміндегі мешіттердің имамдарының жанында міндетті түрде ауыл ақсақалдары жүреді. Аудан көлемінде аудан әкімі Қ. Медеуовтың бастамасымен «Дін, адам және қоғам» атты тақырыпта конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Оған аудандағы 24 ауылдың 24 мешіт имамдары мен жамағаттары, аудан жастары қатысады.
Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасына байланысты қоғамда өзін-өзі басқару саласында аудандағы бастауыш ардагерлер ұйымдары осы бағытта құрылған қоғамдық Кеңестермен етене араласады. Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, елдің ауызбіршілігін айрандай ұйытып отыруды мықтап қолға алған. Осы сәтте ҚР «Медиация туралы Заңына» сәйкес арнайы ҚР үкіметі айқындайтын тәртіппен белгіленген медиаторлар дайындау бағдарламасы бойынша да қыруар істер атқарылды. Биылғы жылы үш күндік медиаторларды оқыту семинарында 15 ардагерге сертификат берілді.
Аталмыш конференцияда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н. Құматаев, КазЦИК ауылдық округінің әкімі С.Күзембаев, Междуреченск бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы С.Жармағанбетов, Ақши ауылының ардагерлер ұйымының мүшесі В.Кузавлев, Әли ауылы ардагерлер ұйымының мүшесі, ауыл қоғамдық Кеңесінің төрағасы Ю.Магай жарыссөзге шығып, әрқайсысына берілген тақырыптары бойынша баяндама оқыды.
Міне, ардагерлер қауымы қолы қалт етсе аудандағы қоғамдық жұмысқа белсене араласып, өздерінің біліктілігін елмен бөлісуді әдетке айналдырған. Қазіргі қоғамда жазулы хатқа балаған қалың ойлы, салмақты айтар сөзі бар ақсақалдарымыз қашанда атүстінде екені көзге көрініп тұр . Әрқайсысы әр саланың майталманы, өз ісінің хас шеберлері. Көненің көздері.
Қай қоғамда болмасын ақсақалдың орын бөлек. Жастарымыз бен жасамысымыз осыны ескеріп, ересектерге деген ерік көңілдерінің көкжиегін кеңейтсе құба-құп болар еді.
Ол сияқты конференцияда Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ардақ Мауытханұлы Сыдық сөз сөйлеп, ілелік ұйымның атқарып жатқан қыруар жұмысын тереңінен талқылап, өзінің оң бағасын берді. Қариялардың жастарға беріп отырған тәлім-тәрбиесінің маңыздылығына кеңінен тоқталды.