Өткен аптада Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Жәпек батыр ауылындағы №4 орта мектеп алаңында «Ауыл кеші - көңілді» атты ойын-сауық, әдеби-танымдық кеш өтті. Аталмыш кешке мұрындық болған ауылдың кәсіпкерлері мен Жәпек батыр ауылындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Рүстем Бақтыбаев пен Қазыбек би ықшам ауданының Қоғамдық Кеңес төрағасы Тайыр Маханов.
Кештің мақсаты - қазақтың ұлттық өнері айтысын дәріптеу болса, екінші жағынан ауыл адамдарының басын қосып, оларды Қоғамдық Кеңес мүшелерінің жұмыстарымен таныстыру.
Кеш басында сөз алған округ әкімі М. Кәрібаев «Біздің той тойлауға биыл көптеген себептеріміз бар. Ол жаңа мектеп ғимаратының бой көтеруі және №4 орта мектебінің күрделі жөндеуінің сәтті аяқталуы. Бұл ауыл азаматтарының ауызбірлігінің нәтижесі. Әсіресе, туған өлкесінің жыртығын жамауға жанын салып жүрген Қоғамдық Кеңес мүшелеріне мың алғыс» - деді.
Одан кейін жарыссөзді жалғастырған аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Ә.Исаев ауылдың көркеюі атпал азаматтардың қолында екенін баса айтты. Ол өз сөзінде «Халық бір-бірін жатсынбай күнде көріп тұру керек. Күнде көрмесең туыс та жат болып кететіні өтірік емес. Ол ащы да болса да өмірдің шындығы. Сондықтан ауыл болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға атсалысыңыздар, мына Қоғамдық Кеңес мүшелеріне қол ұштарыңызды беріп жүріңіздер» - деді. Одан кейін сахна төріне көтерілген ауданымыздың «Құрметті азаматтары» Ж.Есенқұлов пен К.Қасымбеков және «Нұр Отан» партиясы орталық топ ұйымының төрағасы Ә.Қасымов көпшілікке ақ батасын беріп, кеш әртістеріне сәттілік тіледі.
Кеште ауылдың «Ақ әжелер» ансамблі мен жас жеткіншек әншілері әнді әуелетіп әкетті. Жергілікті ақын Абатбай Кирқабақов өз туындыларымен елді тамсандырды. Сондай-ақ, кештің ең қызығы жас ақындар айтысы болды. Айтыстың алғашқы жұбы жәпектік Имран Жұманазаров пен Ақниет Жұбанышев елді аузына қаратып, қадау-қадау ойларын айтып, кесек-кесек жырларымен елді сүйсіндірді. Одан кейінгі жұп қаскелеңдік Алтынбек Ибраимов пен Өтеген батырдың орақ тілді жас ақыны Айбек Есенқұлов жалындаған жырларымен көптің көңілінен шықты. Ақындарға Қоғамдық Кеңес мүшелері атынан иықтарына шапан жабылды.
Кештің соңында ұйымдастырылған шараға өз ризашылықтарын білдірген халық қошеметі зор болды. Кеш соңында жастар далада би кешін қыздырса, ауылдықтар естелікке суретке түсті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дескен халық дән риза боп тарқасты.

|