Басты  - ӨТКЕН КҮНДЕР ЕСТЕЛІГІ
 

 
 
 
ӨТКЕН КҮНДЕР ЕСТЕЛІГІ 07.08.2015
Биыл Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына байланысты, батыр ардагерлерімізге қандай марапат-құрмет көрсетсе де, барыс болар елімізге жарасатын сияқты. Біз Алматы қаласының Доманск соғысының ардагерлері Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көптеген аудандар мен облыстарда халықпен кездесу өткізіп келеміз. 1969 жылы Қытай мен Кеңес Одағы Уссурии өзенінің ортасындағы ауылындығы 1800 метр Даманск аралы үшін болған соғысқа жиырма шақты қазақ азаматтары қатысқан екенбіз. Содан бері 46 жыл өтсе де, бір-бірімізбен толыққанды табыса алмай келеміз. Бұл соғыс туралы газет-журналдарда, телеарналарда да айтылып жүр. Кеңес Одағынан 70 шақты әскер қаза тауып, 100 аса жауынгер елдеріне жаралы болып оралды. Сол соғыста Кеңес Одағы Град БМ-40 қаруын алғаш рет Қытайға қарсы қолданып, аралды жермен-жексен етіп қара тасқа дейін күйдіріп жіберді. Осы қаралы соғыста бес адамға Кеңес Одағы батыры атағы берілді. Біздің жерлесіміз Сүлеев Керімкұл «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Алматы қаласында оншақты ардагерлер тұрамыз, оннан аса жерлесіміз шет жақтарда, басқа облыс, аудандарда мекен етеді. 2014 жылы өз алдымызға Даманск ұйымын құрып, былтырдан бері Сүлеев Керімқұл құрдасымызды төраға етіп сайлап алдық. Жыл басынан бері Жеңістің 70 жылдығына қарсы «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» деген тақырыппен ел аралап келеміз. Биыл ақпанның басында Алматыда Әуезов ауданындағы №42 мектепте оқушылармен кездесу өткіздік. Мектеп басшылары Г.Н. Қалымбаева мен О.Н. Станищевская ханымдарға үлкен алғыс білдіреміз. Сол күні түске таман тарихшы-қайраткер Ермахан Бекмахановтың 100 жылдығына байланысты іс-шараға қатысып Даманск соғыс ардагері, қаламгер, профессор-академик Нағашыбек Қапалбекұлы сөз сөйледі. Түстен кейін Жеңістің 70 жылдығына байланысты Жазушылар Одағы ғимаратында ардагер жазушылармен кездесуге қатыстық. 18 ақпанда партизан-қайраткер Әди Шәріпұлы атындағы мектеп мұражайындағы шараға қатысып, батыр көкеме шығарған өлеңдерімді оқыдым. Екі-үш телеарналар қатысып, Беларуссиядағы партизан соғысынан көрсетілім ұйымдастырылды. Бұл шараға халық көп жиналды, Беларуссия мен Россияның елшілері де шақырылыпты. Осы тұрғыда Әди көкемнің жары Клара жеңгемізге алғысымыз ұшаң-теңіз! Бұл кездесуден кейін Райымбек ауданына барып жергілікті халықпен жүздесіп қайттық. Даманск соғысы 1969 жылы 2 наурызға қараған түнінде басталуына байланысты Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлының туған ауылына барып қайттық. Жуалы ауданынан генерал Бақытжан Ертаев, «Қызыл жұлдыз» иегері Сүлеев Керімқұл жолдасымыз, Аягүл Миразова тағы басқа да елге танымал атақты адамдар көп шыққанын көзбен көріп, жағымды әсер алып қайттық. Аудан әкімі Құлекеев Батырбек Әбдірәсілұлы өз қолымен Ауған соғыс ардагері Бақытбек Смағұловтың алғыс хатын табыстады.
Осы жерде Бақытбек бауырымызға алғысымызды баса айтқанды жөн көрдім. Бұл азамат 2014 жылы Жазушылар Одағында Даманск ардагерлерімен кездесу барысында ой-пікірімізге сүйеу бола білді. Биыл Ауған соғысы ардагерлері Қазақстан телеарнасынан «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, өз ойларын билік басына ашық айтты. Осы кездесуге Даманск ардагер ағаларын шақырып кішіпейілдік танытты. Енді міне, 2 наурызға қарсы бас-басымызға алғыс хатын жіберіп отыр. Осындай азаматпен қатарлас жүрсең, өзіңді келешекке батыл қадам жасайтындай сезінеді екенсің. Батыл сөйлеп, батыра айтатын қазақтың Бақытбектей азаматтары көп болғай.
Жуалы ауданы әкімінің келгеніне екі үш жыл болса да қарапайым халықтан ол кісі туралы айтулы сөздер естідік, бауырымызға жұмысына сәттілік тілейміз. Керімқұл құрдасымыздың туған жері «Жеті төбе» ауыл әкімі Сүлейменов Бектерхан, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Нарымбеков Марат таңғы алтыда поездан тосып алып, қайтқанымызша иіліп құрмет көрсетті, өркендері өсіп халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектеспіз. Сонымен қатар «Жеті төбе» орта мектебінің директоры Мұсаханова Гүлнәр қарындасымыз мектептің ішін батыр ағаларының суреттерімен гүлдендіріп, оқушылармен ұстаздар әсерлі ән айтып, би биледі. Бауыржан Момышұлының мұражай насихаттаушысы Әбдіқасымова Гүлжан батыр жайында көптеген әсерлі әңгіме айтып берді, әсіресе батыр бабамыздың сүйектен жасалған үш мүштігі көзіме оттай басылды. Даманскіде болған соғыс ардагерлерін Елбасымыз 1995 жылы 28 сәуірде, өзінің №2247 Жарлығымен біздің мәртебемізді Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірді. 2001 жылдан бері Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің №161 қаулысымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бір қатарда құқымыз бар екендігі анық айтылған. Тәуелсіз еліміздің заңдарымен бекітілген барлық жеңілдіктерді аламыз. Өз басым төрт ұл, бір қыздың әкесі, немереден шөбере сүйіп отырған бақытты адамдардың бірімін. 20 наурызда Алматы қаласында Қазақстан сауықтыру орнында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты емделіп, демалушылармен кездесу өткіздік. Даманск соғыс ардагері «Қызыл жұлдыз» иегері Сүлеев Керімқұл, Мұхамадиев Керейбай, Махметов Бекжан тағы басқа да азаматтар қатысып, емделіп жатқан адамдарды Жеңіс күнімен құттықтадық. Сол жерде емделіп жүрген Ұлы Отан соғыс ардагерлеріміз де іс-шарамызға риза болып, алғыстарын айтып сөз сөйледі. Алдағы уақытта да халықпен кездесу жоспарымызда ауқымды. Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны болғандықтан, аудан әкімі Талғат Көшенұлы Наурыз тойына шақырып, Ұлыстың ұлы күніне өлең арнауымды оқыдым. Жақын күндерде Даманск соғыс ардагерлерімен кездесу өткізбек екендігін айтып, аудан халқымен жүздесуге шақырды. Алла жазса жастарымызды Отансүйгіштікке баулып, ел қорғаған ерлерімізді насихаттауда біз әрқашан дайын екенімізді айтқымыз келеді.