Басты  - Астана - Алаштың айнасы
 

 
 
 
Астана - Алаштың айнасы
07.07.2015

Астана күні - жалпы ұлттық сипатқа ие мерекеге, халықтың асыға күтетін зор қуанышына айналып үлгерді. «Астана күні - барлық қазақстандықтардың мерекесі. Елдің жүрегіне айналған Астана арқылы Қазақстан өзінің мүмкіндіктерін әлемге таныстырады.
Астана - Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Абыройы асқан Астана! Әлемді сүй­сіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана!
Астана - Қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы - жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған құбылыс. Ғасырлар бойғы бабалар арманын іске асырып, бас-аяғы төрт-бес жылда Астана салған мемлекет тарихта болған емес. Адамзат тарихында астанасын жаңғыртқан мемлекеттер жетерлік. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойында ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, мандайға біткен бақ емес пе?! Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі - Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала - жас қаламыз - өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда.
Барша қазақстандықтар үміт артып, үлгі тұтып отырған бас қаламыздың қарышты қадамын шынында да мақтан етуге лайық. Астана - еліміздің бақыты. Осы мейрамға қарсы барша қазақ елін Іле аудандық әділет басқармасы шын жүректен құттықтайды! Астана - Алаштың айнасы, Тәуелсіздігіміздің - тірегі, Еліміздің - жүрегі, Қазақтың айбынды ордасы! Туған күнің құтты болсын, Астана!