ХХІ ғасыр табалдырығын аттап кірген шақта, Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы, шығар биігі саяси-экономикалық жағдайлармен қатар, оның мемлекеттік тілі - қазақ тілінің тағдыры екендігін баршамыз жан-тәнімізбен сезініп, терең түсінеміз. Тілдердің үш тұғырлығы саясатының астарында ел азаматтарының мемлекеттік тілді білу ғана емес, өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгеру міндеті тұр ғой. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл - елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші қадамы десе де болады. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Сондықтан, елімізде тілдердің үш тұғырлы саясатының жүргізілуін дұрыс деп есептеймін. Үш тілді қатар меңгеру - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды жеделдете түсетіні сөзсіз. Осындай саясат негізінде Іле ауданындағы Байсерке ауылындағы №9 орта мектебінде қызу жұмыстар да атқарылуда. Жас жеткіншектерге жарқын болашаққа жол сілтеу мақсатында мектебімізде әртүрлі кездесу кештері, семинар сабақтар өткізілуде. Мектеп әкімшілігінің қолдауымен «Қазақ тілі мен әдебиеті» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сатылай кешенді талдау» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжамбайқызы Оразахынова да мектебіміздің қадірлі қонағы болды. «Білім сапасын арттыруда қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында заманауи, озық әдіс-тәсілдердің тиімділігі» тақырыбында өткен облыстық семинарда берілген сабақтарға өзінің жоғары бағасын берді. «Сатылай кешенді талдау» технологиясын өз сабақтарында тиімді пайдалана білген Сая Амирханова, Жадыра Садық, Гүлжан Дуванбекованың сабақтарына қатыса отырып, жоғарыда аталған ұстаздардың шәкірттерін республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыстыру керектігі туралы өз ұсынысын да айтты. Бұл семинар №9 орта мектептің шәкірттері үшін рухани мектеп көзі болды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты - елдігіміз бен бірлігіміздің тірегі.
|