Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдық ұлы тойы тойланбақшы. Арайлап атқан әр таңымыз жеңістің 70 жылдық таңы болмақ, жеңістің 70 жылдық дәмі болмақ. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды. Қай жағынан болмаса да көмегін аянып қалған жоқ. Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандауға, жеңіске жетуге қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты, ерен ерліктерін көрсетті. Тарих беттеріне көз жүгіртіп қарасақ, қазақтардың қанды қырғын майдан шебінің алдыңғы қатарынан көрінгенін білеміз. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атанғанын мақтанышпен айтуға болады.
Соғыс аяқ асты басталғанымен сол мезеттен-ақ халқымыздың намысын, ерлігін оятты. Әр аймақтан әскери комиссариаттарға еріктілер қосылды. Қала мен ауылдардан ағаларымыз бен әпкелеріміз соғысқа сұранды. Сол кездегі жаудан Отанын, елін, жерін, ұрпағының болашағын қорғауға аттанған ағаларымыз, әпкелеріміз - қазір ардагер аталар мен әжелер.
Міне, адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Жеңіс - бұл мыңдаған ұрпақтар үшін ортақ мереке. Біздің аталарымыз бен әжелеріміздің батыр істері, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылады. Ұлы Жеңістің осы мерекесі қарсаңында сол жеңіс үшін жанын қиған боздақтардың аруағына бас иеміз. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт өмірімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Қазіргі таңда арамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрметіміз де, алғысымыз да шексіз. Ұлы Жеңіс құтты болсын!
|