Басты  - АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ
 

 
 
 
АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ 06.10.2015
Дәстүр бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде қазан айының алғашқы күні Қарттар күні аталып өтіледі. Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген қасиет. Осыған орай апта ортасында Қарттар күніне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық Ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен бастауыш ардагерлер ұйымдарының арасында шахмат ойынынан аудандық турнир ұйымдастырылып, өткізілді. Турнирге 10 ауылдық округтен жастары алпыстан асқан 27 еңбек ардагерлері қатысты. Жарысқа қатысушылар екі топқа бөлініп, жарыс ережесі бойынша сайысқа түсті.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ә.Исаев: - «Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен арда­гер­лерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мере­келеріңіз құтты болсын дейміз. Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейір­бандылыққа, Отанымызға адал қыз­мет етуге, айналадағы адамдардың өмір­ге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сенім­мен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбе­гі­міз­бен жақындатуды біз сіздерден үйрендік. Араларыңызда бүгінгі күнге дейін ел игі­лігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет сала­сында еңбек етіп жүргендер аз емес. Бүгін біз қарттарымызға құрмет көр­сетіп, құттықтаумен бірге, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген ардагерлерімізге жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз», - деді.
Артынша сөз алған «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрайымы Р.Абилова, аудандық Ардагерлер Кеңесінің мүшесі Төрткен Кененқызы турнирге қатысушыларды қарттар күнімен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Турнирдің нәтижесі бойынша командалық есепте І-орынды Междуреченск округтік командасы қанжығасына байласа, ІІ-орынды Қараой округтік, ІІІ-орынды Күрті округтік командалары иеленді. Жеңімпаз командаларға арнайы кубок табыс етіліп, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен қатар турнирге қатысушылардың барлығына аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық Ардагерлер ұйымдарының мақтау қағаздары әр номинация бойынша табыс етілді. Ойынға қатысушы ардагерлерге түскі ас ұйымдастырылды.
Қымбатты ардагерлер, қазыналы қарттар! Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, отбасыларыңыз бен замандастарыңыз арасында атап өтетін мереке күндері көп болсын деп тілейміз. Егде тартқан жастарыңыз еңселеріңізді түсірмей, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болғай!
Бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Жүректен шыққан ізгі тілектерімізді қабыл алыңыздар. Баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, ұзақ ғұмыр тілейміз!