Междуреченск ауылының «Арман» балалар мен жасөспірімдер клубында өткізілген шығармашылық есеп беру кеші Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Кештің «Соғыстан қайтқан солдаттар» аталуының өзінде де үлкен мән бар. Өйткені, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен қайғы мен қасіретті, ер-азаматтары мен ұлдарынан айрылып, боздап қалған аналар бейнесін сомдаған көріністер жаныңды түршіктіріп, көзіңе жас алдырады.
Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,
Жігерленген құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны
Қуаныш пен мерекенің бұлағы,
- деп басталған кештің алғашқы сөзін сол ауылдың тылдағы ардагері Кощегулов Жолдыбай ақсақал соғыс кезінде бала болса да еңбекке ерте араласып, аналарына көмектескенін, көрген қиыншылықтары мен соғыстың әкелген зардабы жөнінде әңгімелеп, жастарға ашық аспан мен бейбіт өмір тіледі.
«Соғыс қасіреті» деп аталған қойылымда сүттей ұйып отырған шаңырақтың соғыс басталған қаралы күннен естері танып, зарлаған ана отағасы мен баласын, күңіренген келін жарын соғысқа аттандырып аңырап қалады.
Тынышбай Аружанның орындауындағы «Ана туралы баллада» әні шырқалып жатқанда, артында театрланған қойылым көрсетілді. Елде қалған әйелдер мен қарттар, жас балалар «Майдан үшін» деп тылда аянбай тер төгіп, Совет Армиясы әскерін оқ дәрі, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырды. Міне, осылай ыстық-суықтың бәріне төзіп, тылда қажырлы еңбек еткендер бейнесі сомдалды.
Әрбір орындалған соғыс тақырыбындағы қойылымдар мен әндер барша көрермендерін терең күрсінді-ріп, әсерге бөледі. Жасөспі-рімдердің орында-уындағы «Соғыс-тан қайтқан солдат-тар» әнімен де жаралы қайтқан солдаттар бейнесі көрсетілді.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Ұлы Жеңіс мерекесі құрметіне дәстүрлі шашу шашылды.
Осылай үлкен дайындықтың арқасында өткізілген «Арман» клубының шығармашылық есеп беру кеші барлық қатысушы жеткіншектерді марапаттаумен аяқталды. Соңғы құттықтау сөзін аудандық «Болашақ» әлеуметтік азаматтық базис бірлестігінің маманы Тамара Михайлқызы және осы клубтың өркендеуіне еңбегі сіңген бұрынғы жетекшісі, қазіргі әйелдер алқасының төрайымы Бижамал Қасымбекқызы шығармашылық кештің жастарға тәрбие берер тағылымы мол болғанын айтып, «Арман» клубы мен оның жетекшісі Газизова Оразкүл Набиевна өз тілектері мен алғыстарын жеткізді.
|