Басты  - ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН ҰЛЫ ЖЕҢІС
 

 
 
 
ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН ҰЛЫ ЖЕҢІС
06.05.2015
Өткен аптада Чапай ауылындағы №10 орта мектепте Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген» атты кездесу кеші аталмыш тақырыптың мән-мағынасын ашқан тағылымды кездесудің бірі болды. Оған округ әкімі Жұмабаев Бауыржан Ақжолұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақжан Ақмажанов және Чапаев ауылындағы тыл еңбеккерлері, ауылдық қоғамдық Кеңес мүшелері, ақсақалдар мен әйелдер Кеңесінің мүшелері, №10 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Кездесу шымылдығын ауыл әкімі Бауыржан Ақжолұлы ашып берді. «Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Құрметті ардагерлер, болашақ ұрпақ үшін, егемен ел тәуелсіздігін қорғаушылар үшін жарқын үлгі болып қала бересіздер. Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіз, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында еліміздің бүгінгі ұрпағы келісіммен бейбіт өмір сүруде. Ерен ерліктеріңіз, қажырлы еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін, қадірлі ардагерлер алдарыңызда бас иеміз» - деді. Өз кезегінде сөз алған қоғамдық Кеңес төрағасы Атамбаев Орынбасар Ахметханұлы, «Болашақ өмір ұрпақ үшін жанын қиған майдангерлер ерлігі ғасырлар өтсе де, ұмытылмай тарихта жазылды. Соғыс - ұлы сынның, ерліктің, батырлықтың мектебі болды, соғысқандар үшін ғана емес, соңғы келер буындар үшін де мектеп. Соғыс кезіндегі Кеңес адамдарының сан қилы ерліктері – жас жүректерді шыңдайтын қызулы көрік. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батырларымыздың рухына бас иіп, мәңгілік тағзым етуіміз керек» деді. Ауданнан келген қонақтың қатарынан ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақжан Ақмажанов шығып сөз сөйледі: «2015 жыл - ұлттық тари­хымызды ұлықтау және бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Яғни, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20 жылдығы. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Қазақ елінің ертеңі – бүгінгі жастары. Өткен тарихымызға тағзым, бүгінгі бақытымызға мақтаныш, гүлденген келешекке сенім «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымда жатыр. Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жас бойымызға сіңіре білуіміз керек» – деді.
Содан кейін Ақжан Ақмажанов қатысушыларға арнап, алып келген шағын сый-сияпат көрсетті. Кеш ауқымды өтті. Білім ордасының ұжымы слайд арқылы Ұлы Жеңіске арналған іс- шаралардың естелік суреттерін көрсетті. Мектеп оқушыларынан құралған «Балдәурен» вокалдық тобы тыл еңбеккерлеріне арнап «Жеңіс туы желбіреген», «Шығыстың қос жұлдызы» атты әсем әндерін шырқады, ал 9 және 5 сынып оқушылары «В небе голубом» сияқты жүрекжарды арнауларын арнаса, 7 сынып оқушылары әсем билерімен таңқалдырды. Ең қызығы көріністерінде көрсетті. №10 орта мектептің ұстаздары өздерінің білімде ғана емес, өнерде де құр алақан еместігін дәлелдеді. Шағын қойылымдары арқылы сүйек-саяғыңды сырқырататын сұм соғысты көз алдымызға әкеліп ұсынды.
«Ер есімі - ел есінде» демекші, елімізді, жерімізді жаудан қорғаған азаматтар мен тылда аянбай еңбек еткендер халық жадында мәңгі сақталмақ. Кездесу кешінің мақсаты да жастарға ержүрек қазақ жауынгерлерінің қаһармандығы туралы әңгімелеу, Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін еске алу, тыл еңбеккерлерінің еңбектерін дәріптеп және жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында еді. Ұлы Жеңіс батырлықпен ғана емес, ерен еңбекпен келді дегіміз келеді.