Басты - ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІНДЕГІ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
 

 
 
 
ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІНДЕГІ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ  

  Өткен апта басында аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөліміне Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Дарманқұлов Мұрат Елтайұлы арнайы атбасын бұрып, аудандық комиссарияттың атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берді. Онда ол тек атқарылған жұмыстарға ғана көңіл бөліп қана қоймай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрінің №428 бұйрығы бойынша осы аудандық комиссариятта 45 жылға жуық қорғаныс істерінің құпия бөлімінде басшылық қызметінде еңбек еткен Яппарова Амина Миназитовнаға «Еңбек ардагері» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Жиында сөз алған Амина Миназитовна «Мен ең қиналған тұсым тоқсаныншы жылдар болатын. «Тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткен уақытта біздің комиссарият не болады деген қорқынышты ой денемді түршіктіретін. Бірақ қазақ халқы жауынгер ғой. Қорғаныс күшін әлсіретпеді. Қайта жаңа қорғам құрып оны күшейте білді. Мен артымыздан еріп келе жатқан өселең ұрпаққа өзімнің жинақтаған өмірлік тәжірибеммен бөлісуге әрдайым дайынмын. Қазақстан Республикасына қызмет етемін! », - деді.
Аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы Бұлғараев Мұрат Андреевичтің айтуы бойынша биылғы әскер қатарына 1987-1997 жылдар арасындағы 100-ден астам жастар мемлекеттік күзет, төтенше жағдай Министрлігі қатарына өз борыштарын өтеуге аттандырған. Ендігі кезек шекара қызметіне жастарды жинап жатқан көрінеді.
Айта кетейік, алдағы жылы аудандық әскери комиссариятқа 35 жыл толады. Еліміздің тыныштығын қорғауда үлкен үлес қосқан аталмыш мемлекеттік мекеме 1980 жылы 14 сәуірде СССР ҚК БШ бұйрығымен халыққа есігін айқара ашқан екен. Алғашқы әскери комиссарияттың басшысы болып Филонов Виктор Иванович Орта Азия әскери округі қолбасшысының бұйрығымен тағайындалған.