Ұстаз – ұлағатты есім. Ұстаз жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Қазіргі қоғамда оқу-тәрбие жұмысын жүргізуші маман педагог ұстаз деп аталады. Дегенмен, ұстаз ұғымы арнаулы білім, қажетті құжатқа байланысты емес. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбие беретін, адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді.
Мұғалім – жалпы білім беретін мектептерде жас ұрпақты оқытып, әрі оларды тәрбиелеу қызметін атқаратын маман. Мұғалім – байырғы мамандықтардың бірі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді» – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші, мұғалім жақсы білімді болса, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білсе, ол мектептен бала көбірек білім алып шығады. Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы. Артта қалған ұрпақ саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Бұдан біз білімнің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіземіз. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – МҰҒАЛІМ. Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. |