Басты  - «ЖАЗ - 2015»
 

 
 
 
«ЖАЗ - 2015» 05.08.2015

ЖАДЫРАП ЖАЗ КЕЛГЕНДЕ

Бала – қоғамның болашағы. Еліміздің желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндерінің жарқын өміріне қажетті жағдай жасау әрдайым бірінші кезектегі мәселе болып саналады. Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мақсатында аудандық білім бөлімінің нұсқауымен №12 орта мектеп жанында «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңында 10 күндік жазғы демалыс лагері ұйымдастырылды. Алаңның төртінші ауысымында 4 топ жұмыс жасап, 100 бала демалыс күндерін қызықты өткізді.
Жазғы демалыс лагерінің ұйымдастырылу мақсаты: балаларды азаматтық ұстанымға, Отансүйгіштікке, инабаттылыққа, адалдыққа тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануларына үлес қосу жұмыстарын жандандыру. Сонымен қатар лагерь жұмыстарының дамуына қолайлы жағдайлар жасалынып, тәрбие бағытын жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін жоспарлар құрылды. Мектеп жанындағы алаңда қызмет ететін педагогтардың белсенді жұмыс жүргізуінің нәтижесінде көңілді іс-шаралар ұйымдастырылып, балалар қызыққа кенелді. Алаң жетекшісі О.Багадаеваның басшылығымен «Балдырған», «Қарлығаш», «Жұлдыз», «Жас қыран» топтарының аға жетекшілері: Р.Оспанова, А.Жотабаева, А.Құттыбаева, Н.Нұржановалар балалар үшін алаң өмірінің қызықты өтуіне белсене атсалысып, думанды шаралар ұйымдастырып, ата-аналардың алғыстарына бөленді. Тәрбиешілер балалармен жоспар бойынша «Жаз аруы - 2015», «Велосипедшілер жарысы», «Өрт - тілсіз жау», «Кім жүйрік?», «Эстафеталық ойындар», «Ең басты - денсаулық», «Таза ауа - жанға дауа», «Қызыл, жасыл, сары» атты көңілді старт тақырыбында сайыс, әңгіме, жарыс, байқаулар өткізді. Оқушылар лагерьде демалыс уақыттарын жақсы өткізіп, өздеріне жаңа достар тауып, білімдерін толтырып, демалыстарын қызықты өткізді.

«ЖАЗ - 2015» БҮЛДІРШІНДЕР БАЙҚАУЫ

Біздің мектебімізде жазғы алаң 4 маусымға бөлініп өткізілуде. Балалардың көңіл-күйлері өте жақсы. Биылғы жылдағы демалыстың ерекшелігі бір күндік палаткалық лагерь. Күрті өзенінің бойында бір күндік демалысты керемет өткізетін жерлер баршылық. Мектеп бүлдіршіндері Күрті су қоймасының жағалауында палатка тігіп, табиғат аясында жазғы демалыстарын көңілді өткізді.
Сондай-ақ бүлдіршіндер арасында «Жаз - 2015» байқауы өтті. Әр топтан бір қыз бала қатысып, байқаудың алғашқы кезеңі өздерін таныстырумен басталды. Байқаудың соңында бүлдіршіндеріміз тәрбиешілердің шеберліктерін асқақтатып, кешкі көйлектерімен керемет көріктілік көрсетті. Олар бар өнерлерін ортаға салып, сайыста өздерінің талантты да талапты екендіктерін көрсете білді. Әр сайыстың өз жүйрігі мен жеңімпазы болары анық. «Жауқазын» тобының бүлдіршіні Көшербай Разия Рахатқызы бас жүлдені қанжығасына байлап, мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтарға ие болды.