Тілге құрмет - елге құрмет. Тіл - әр ұлттың жаны, мінезі, пейілі, оның көпғасырлық тарихы. Қазақ халқының ана тілі - қазақ тілі. Қазақ тілі - өте оралымды, айшықты, өрнекті, бейнелі бай тіл. Көпұлтты Қазақстан - тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жауапкершілігі орасан зор. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Тіл - қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам - туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі - адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Тіл қадірін арттыру мақсатында Іле аудандық сотында «Мемлекеттік тілдің мерейі - өзіміздің мерейіміз» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге сот ұжымы, аудандық прокуратураның прокуроры С.Сатбаев, адвокаттар алқасының мүшесі - адвокат А.Керімкұлова және полиция қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілге жауапты судья Д.Тарап осы тақырып бойынша әзірлеген баяндамасында мемлекеттік тілдің ролі мен маңызы, мемлекеттік тілді дамыту және бағдарламаны табысты жүзеге асыру елімізде барлық тілдер мен мәдениеттердің дамуына қолайлы орта мен жағдай жасалып, жақсы жолға қойылғандығы, мемлекеттік тілді дамыту - осы мемлекетте тұрып жатқан әр азаматтың қасиетті борышы және негізгі міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасын дамытудың Стратегиялық жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1 ақпан 2010 жылғы №922 Жарлығын іске асыру мақсатында 2011 жылғы 29 маусымда «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданғандығы туралы қысқаша тоқталып өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырып бойынша өзге де мәселелер туралы өзара талқылады.
|