Басты  - ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
 

 
 
 
ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
05.06.2015
Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті, ұлтты сақтаудың бастау негізі, аса ұлы құндылық - Мемлекеттік рәміздер. Еліміздің, жеріміздің тәуелсіз екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін осы қастерлі де қасиетті рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу - елімізде туып-өскен және оны мекендейтін әрбір азаматтың ең қымбатты борышы мен міндеті. Еліміздің қазіргі таңдағы дамуының басым бағыттарының бірі ұлттық патриотизмді қалыптастырып, азаматтық жауапкершілік пен қоғамның рухани бірлігін нығайту болып табылады. Мемлекеттік рәміздеріміз - халқымыздың сан мыңдаған ғасырлық арманы мен ғұмырлық мақсатының басты өлшемі.
Елтаңбаның негізгі идеясы - шаңырақ. Шаңырақтың берік, мығым болуы - мемлекетіміздегі тыныштықтың, тұтастықтың белгісін білдіреді. Шаңырақтың екі жағындағы қос қанатты ай мүйізді ат пырақ суреті. Жылқы - қазақ халқы үшін ең қастерлі жануар. Елтаңбада самғап бара жатқан тұлпар - өркениетке көтеріліп бара жатқан елімізді бейнелейді. Пырақтың жеті буыннан тұратын мүйізі елді, шаңырақты, яғни егемендік пен бостандықты қорғайтын күш, қару ретінде берілген. Мемлекеттік елтаңбада пайдаланылған негізгі бояу алтын түсті рең. Рәмізтану дәстүрі бойынша алтын - байлықтың, әділдік пен кеңдіктің белгісі. Қанат - асқақ арман нышаны. Қанатты тұлпарлар - елдің өсіп-өркендеуіне, дәулеті тасып дамуына қатысты табиғи тілектердің, сол сияқты қоғамдағы әр түрлі мүдделермен және ғаламдық өркениет үміттерімен үйлесім табуға деген ұмтылыс пен ізгі ниеттің де көрінісі. Биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу - әлемдік өркениет мұраттарының бірі. Еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады.
Мемлекеттік Туымызда алтын күні жарқыраған ашық көк аспан және көк аспан төрінде қалықтаған дала қыраны бейнеленген. Қыран құс қазақ халқының дарқан да, бітімшіл, дархан бейбіт көңілінің биікке самғап шырқауы мен тектілігі. Тудың негізгі идеясы - көк түсті болуы. Бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ дегенді білдіреді. Сонымен қатар тыныштық пен мамыражайлықтың белгісі.
Мемлекеттік әнұранымыз - елдің музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып тағып, түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың құрамдас қос қанаты тәрізді. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Ерлік пен бірлікке, болашаққа жетелеп, үкілі үміттің орындалуына жол ашатын, қазақ халқының қайсарлығы мен мәрттігін, ұлылығын паш ететін Мемлекеттік рәміздермен мақтана білуіміз қажет. Талай дүбірлі жарысқа еліміздің атынан қатысқан спортшыларымыз, әртүрлі байқауда таланттарымен танылып жүрген өнерлі өрендеріміз жеңіске жетіп, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүр. Көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз самғай берсін.
Әлі талай буынның жүрегіне от, бойына қуат беретін, ел мен жерге деген сүйіспеншілік алауын жандыратын Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Баршаларыңызды егемен еліміздің Рәміздері күнімен құттықтаймыз!