Басты  - КӨЗКӨРГЕН
 

 
 
 
КӨЗКӨРГЕН
05.05.2015

Қазақ үлкен қарияларын құрмет тұтып «Көзкөрген атамыз, әжеміз» - деп сыйлаған. Шынында да ол кісілер әкең, анаң, үлкен ағайындарың, туған ауылың туралы нақты мәліметтер айта алады. Осындай көпті көрген, өзі соғыс және еңбек ардагері, жасы 93-ке келген ауылдастарының сый-құрметіне бөленген адам Жаңадәуірде бар. Ол осы ауылда туып-өсіп, ауылды көркейтуге атсалысқан Нүсіпов Сатыбай атамыз.
Той-томалақ, кейде көпшілік жиналған отырыстарда көрісеміз. Атамыз құран оқиды, бата беріп, жақсы тілектерін айтады. Ауылдастары жұма қүндері жиі шақырып сый-құрмет қөрсетеді. Көрген жерде әкемізді, анамызды еске алып, маңдайымыздан сүйеді. Сол кезде біз де баладай арсалаңдап мәз-мәйрам болып қаламыз. Ол кісі отырған жерінде өткен-кеткенді әңгімелеп, болған оқиғаларды айтып, мәнді, мағыналы сөздер айтады. Біздің үйге бір келгенде мен «әкем туралы айтып беріңізші» деп өтіндім.
- Өткен күндердің қай мезгілін сөз етсем де Тоқпақбаевтар туралы айтпай кете алмаймын. Олар осы Жаңадәуірді құрып, дұрыс деңгейге жеткізген азаматтар. Соғысқа аттанғанда біз «Жаңадәуір ауылынан едік» деп әскери комиссариатқа тіркелдік емес пе? Тоқпақбаев Досымбай жасы кіші болғанымен алғыр, сөзін елге өткізе алатын батыл, өнерлі кісі екен. Тоқпақбаев Бесімбай салмақты, байыппен сөйлейтін, есепке жүйрік адам болыпты. Қазіргі мына біздің ауыл осы кісілердің арқасында дүрыс жол таңдап, ауқымды нәтижеге жетіп, еселенген ұжым қатарына жетеді. Ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген Тоқпақбаев Досымбай. Көмекшілері де жігерлі жігіттер болса керек. Әбдікаримов Тасболат, Бапов Сауранбай, Кенбаев Сенбай, бұлардың бірі бригадир болса, бірі учетчик, (үгітші-ұйымдастырушы) міндеттерін дұрыс жүргізген екен. Дегенмен, ауыл-ауыл болып қалыптасқанда, Досымбай Тоқпақбаевты Үкімет басқа жерге колхоз ұйымдастыруға жібереді. Бапов Сауранбайды Шилікемерге ауыл кеңесінің басшылығына тағайындайды. Әбдікаримов Тасболатты Шеңгелді жақтағы елді колхозға біріктіріп ауылды басқаруды жүктейді. Ол кезде Үкіметтің талабына ешкім қарсы болмайтын. Үкімет өзі сілтеме жасап, жұмысқа жіберетін.
Біз ерте есейдік, оқуға деген ынта-ықыласымыз ерекше болды. Заман жаңарды, бірақ ауылда балаларды оқытатын ғимарат жоқ еді, оның үстіне хат танитын азаматтар да тапшы. Ең алғаш көрші Ынтымақ ауылына барып оқыдық. 3 сыныпты бітіріп, Шилікемерде 4-5 сыныпты оқыдық. Шилікемер мектебінің интернаты бар еді, үш мезгіл тамағын беретін. Бұл кезде біз есейіп, оң мен солымызды танып қалғанбыз. Демалыста, каникулда үйге жібереді. Ол кезде көлік жоқ, үйге жаяу келеміз, мектепке қайтқанда да жаяу қайтамыз.
Бір күні мұғалімдер «Жаңаарнаға барып концерт қоямыз» - деді. Бір маңызды үлкен жиналыс өтпекші екен. Таң қылаң бере Жаңаарна ауылына жаяу жол тартып, өлең, тақпақтарымызды айттық. Кешке бізді әр үйге бөлді. Сөйтсем, сол ауылдың председателі Тоқпақбаев Досымбай аға екен. Мен:
- Ағамның үйіне барамын, - дедім. Жеңгеміздің аты Тәттібала, мені жылы жүзбен қарсы алды. Үлкен адамдай кұрметтеп, ет асып дастарқанға жент қойып күтті. Бұл - 1934 жыл болатын, мен 4-5 сыныпты бітірген соң әкем мені Қызыл Ту-4 ауылына әкеліп оқытты. Бұл мектептің де интернаты бар еді.
Осы кезде Жаңадәуірде де мектеп ашылған, бірақ мен баратын сынып әлі ашыла қоймаған болатын.
4 сыныпты бітіріп, мен техникумға түстім. Жазда үйге келгенде үй шаруасына көмектесетінмін, «қолқанатым менің» - деп анам мақтанатын. Алғаш колхоз мал шаруашылығын дамытты, жылдар өте тары, бидай, арпа егетін. Ауылымыз тапшылық көрсе көрген шығар, бірақ аш болмадық. Сенің әкең Әскен Тоқсейітов көп жыл ауылдың жылқысын бақты. Өзі кесек денелі, түсі ақсары, көзі өткір, қайрат-жігері бойында, мінезі салмақты адам еді. Жұмысына тиянақты, істі асқан жауапкершілікпен атқарғаны үшін ел сыйлайтын. Кейін ұжымның сиырын бақты, шешең Тыныбала сауыншы болды. Тыныбала турашыл, шыншыл, туысқа бауырмал, өте еңбекқор адам болды.
1941 жылдың жазында соғыс басталды, күзде 15 қыркүйекте мені Қызыл Армия қатарына алып, Петропавл қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберді. 1944 жылы училищені бітірген соң Украина жерінде, 10-дивизияда болдым. Жан алып, жан беріскен ұрысты осы жерде көрдім. Дегенмен, жауды өкшелетіп қуып, Румыния, Югославия, Венгриядан өтіп Австрияға келдік, 1945 жылы Вена қаласында болдық. Үш ай өткенде Москваға келіп, қаланың жөндеу жұмысына қатысып, 1946 жылдың қазанында босап, ауылға оралдым. Келгендегі жүктелген жұмыс, салық агенті қызметі еді. 1947 жылы үйленіп отбасын құрдым. Мағрипа Сарғожақызымен отасқаныма 68 жыл болыпты, алты бала өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырмыз. Шүкір, ұл-қыздарымыз еліміздің әр саласында кызметте. Өзіміз кіші баламыз Бағдатпен бірге тұрамыз. Туған күн мерекелерінде ұл-қыздарым, немерелерім келіп құттықтап, әр жылда Жеңіс күнін тойлап, бәріміз бір дастарқан басында отырамыз.
Осы балаларды өсіріп, оқыту үшін Мағрипа екеуміз колхоздың түрлі жұмыстарын істеп, колхоздың көркеюіне атсалыстық. Қазір екеуіміз де бақытты ата-әже санатындамыз.
Әңгімесін осылай аяқтаған атамыз соғыс жайын көп әңгімелемейді. Көргені өлім, қантөгіс, еңіреген ана, жылаған бала. Іркіліп қалудың себебі өзіне ғана аян. Дегенмен атамыздың алған орден, медальдары аз емес, ал дүниеге көп бала әкелген Мағрипа анамызда І-ІІ дәрежелі Ана даңқы медальдары, III-дәрежелі Ана даңқы ордені, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына әр жылдары берілген мерекелік медальдар бар. Бұл марапаттар анамызға соғыс кезінде жастайынан еңбекке араласқаны үшін берілген.
Тарих тарих болып қалады ғой. Өткен жылдардағы окиғаларды өз көзімен көрген Сатыбай ата сияқты үлкендер айтпаса кім айтады? «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» - деп бекер айтылмаса керек.
- Соғыс аяқталып майданға аттанғандардың тірі қалғандары елге оралып, туыстарымен қауышып жатқанда сенің әкең Әскен Тоқсейітов келмеді, - деп жалғастырды сөзін Сатыбай ата. - Анаң Тыныбала сауатты дегендердің мазасын алып жүріп, Москваға Тоқсейітова Тыныбаланың атынан хат жолдатты. Бұл кез елуінші жылдардың басы болатын. «Із-түзсіз жоғалғандар қатарында» деген жауап келді. Көп ұзамай әскери комиссариат «Әскер семьясы» деп, есепке алып, шешең Тыныбала мен саған - Бәйгібала Әскенқызына көлемді ақша салыпты. Мен құжаттарды толтыруға көмектестім. Қанша ақша екені есімде жоқ, әйтеуір көп ақша. Анаң Тыныбала «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» деген бар, бәрің ұйымдасып Әскеннің асын өткізейік - деді. Марқұм Сауранбай Бапов ағамыз бар, Досымбай аға келіп елді жинап, үлкен-кіші болып ұйымдасып, Жаңадәуірде «Ас беру» рәсімін өткіздік. Арты тойға ұласып кетті.
Соғыстың аяқталғанына 20 жыл толғанда Байсерке ауылында, соғыс кұрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Соғысқа Талғар қаласынан аттанып, әскери комиссариатта тіркелгендер тізімінің ішінде Токсейітов Әскен де бар екен. Бүгінгі күні ол кісінің ата тегі Тоқсейітов Әскен деп осы ескерткіште тасқа қашалып жазылып тұр. Соғыста қайтыс болғандарды ел жүрек, батыл, тіпті, батырлардың қатарына да қосуға болатын шығар. Себебі олар етігімен су кешіп, жаудың оғына кеудесін төсеп ауылдағы ағайын, аналар мен бала-шағаның келешегін қорғап қалды.
«Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген осы. Менің бұл кісіге рахметім шексіз. Алдымыздағы келе жатқан 70 жылдық мерейлі тойды Сатыбай атамыздың өз отбасымен, халықпен бірге тойлауына тілектеспін. Әрдайым заманымыздың тыныштығын тілеймін.