Өткен аптада аудан әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі әсем Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрында кеңінен атап өтілді.
Аталған мерекеге аудан әкімі Қ.Медеуов, мәслихаттың хатшысы Е.Тұрымбетов, аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Абилова, округ әкімдері мен мектеп директорлары, мектепалды даярлық тобы және бастауыш сынып оқушылары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балалары қатысты.
Мерекеде сөз сөйлеген аудан әкімі Қ.Медеуов «Құрметті балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Сіздер мына Шырша тойына өздеріңіздің ата-аналарыңызбен және ұстаздарыңызбен келіп отырсыздар. Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктерге толы. Елбасының арқасында біздің елімізде білім алуға, еңбек етуге және демалуға барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан, өздеріңізге сенімді болыңыздар. Үлкенді сыйлап, әлсізге демеу болыңыздар. Отанды сүйіңіздер, туған жерді қастерлеңіздер. Қашанда жақсылық жасауға тырысыңыздар. Сіздердің бүгінгі жасаған игі істеріңіз - бақытты болашақтың іргетасы. Сіздерге сәттілік тілеймін. Жаңа жыл сіздерге көп қуаныш әкелсін!» - деді.
Жасыл шырша мерекесі ертегі, орта буындарға флешмоб ойындар түрінде өтті. Би ырғағында өткен мерекелік кеш оқушылардың көңілінен шықты. Ең бастысы мерекенің сәнін келтіретін Аяз ата мен Ақшақарды шақырды. Олардың ұйымдастырған тапқырлар ойынына көптеген балалар қатысып, өздерінің жаттаған Жаңа жылдық өлеңдерін оқып, сый-сияпатқа бөленді. Одан кейін оқушылар «Томпақпен келген Жаңа жыл» қойылымын көріп, Жаңа жылдық карнавалға қатысып, сыйлықтар алып мәз- мәйрам болып тарасты.

|