Басты  - ЖАСТАРҒА БЕРЕРІ БАР
 

 
 
 
ЖАСТАРҒА БЕРЕРІ БАР 04.11.2015

Өткен аптада Чапай ауылдық Мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Алматы облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Табыс Талғар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен жастар арасында діни экстремизмнің таралуын алдын алу жолдары бойынша конференция өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков, Талғар аудандық бас мешітінің баспасөз хатшысы Т.К. Тәлімов, жастар саясатының тәлімгері, облыстық мәслихаттың депутаты, ұстаз Б.Н. Үмбетова және «Табыс Талғар» қоғамдық бірлестігінің төраймы Т.Р. Бусурманова, аудан әкімдігінің қызметкерлері, педагогтар, аудан орталығы және ауылдық округ мектеп оқушылары қатысты. Жиында діни ағымдар туралы белсенді талқылау болды. Ең қорқыныштысы, мұндай ұйымдардың әрекетінен адамдар зардап шегетіндігінде. Мұндай дәстүрлі емес діни ұйымдардың әрекетіне ұрынып қалмас үшін, оның қоғамға, жақындарымызға, әрбіреуімізге қандай зияны бар екені туралы түсінік берілді.
Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың дін саласы кеңістігіндегі ағымдар мен өзекті мәселелерден жан-жақты хабардар ету, пікір алмасу, деструктивтік сипаттағы жаңа діни ағымдарының мәнін объективті түрде түсіндіру, діни экстремистік ағымдарының идеологиясына сыни пікір білдіру, ұлттық ділімізге сіңісіп, дәстүр мен салтқа сай қалыптасқан Ислам дінінің асыл құндылықтарын насихаттау мақсатында өткен конференцияда К. Тәлімов тақырып аясында келелі ойларын ортаға салды. Ол дін – адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйрететінін, дін арқылы елді біріктіруге және бұзуға да болатынын баса айта келіп: «Ағасы үміт артса арқа қағып, бозбала өседі екен арқаланып» - демекші бүгінгі жастарымыздың жанына жалау болып жүрегіне алау жағу үшін біздер, аға буын өкілдері оның ішінде әрбір ата-ана аянбауымыз керек. Жастарымыздың келешегіне күдікпен емес үмітпен қарап, жас болса да оларды үлкенге балап, олардың оқып білім алып, имандылық пен рухани ұлттық тәрбиеміздің уызына әбден қандыруымыз керек» - деді.
Одан кейін мінберге көтерілген Талғар қаласынан келген қонақ, жастар саясатының тәлімгері, облыстық мәслихаттың депутаты, ұстаз Б.Н.Үмбетова өз сөзінде: «Дін мен дәстүрді жаңғыртуымыз жаңа жаңарған заманның талаптарына қалтқысыз жауап беретін әлеует-қуаты күшті тетікке айналдыра білуіміз қажет. Сонда ғана бүгінгі өскелең ұрпақпен санаса аламыз» - деді.
Басқосудың мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтардың бірі, дін тағылымдары мен оның тәрбиелік мәнін насихаттау. Сонымен қатар, төл дініміздің абыройын түсіретін теріс пиғылдағы ағымдар мен секталардың қоғамға зиян тұстарын түсіндіріп, Отансүйгіштік сезімдерін арттыру.
Кездесу соңында аталмыш мектеп оқушылары мен мұғалімдер түрлі сауалдар қойып, дін маманы тарапынан қанағаттанарлық жауап алды. Жиналғандар осы сынды кештердің келешекте жалғасын тауып, жастар мен қоғам тұтастығына септігін тигізер басқосулардың қоғам тұтастығына оң әсер тигізер деген тілектерін білдірді.