Өткен аптада Өтеген батыр кентінде ішкі саясат бөлімі мен «Адам және қоғам» Үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ауданымыздағы қоғамдық кеңес ұйымдары мен аудандық мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Қазақстандық патриотизм мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда ұлттық спорт түрлерінің маңызы» атты жиын өткізілді.
Оған аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлы, Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Маликшах Шахмуратұлы Гасанов, облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Асылы Әлиқызы Осман, «Казақстан - Корея» Достық қоғамының төрағасы Клара Александровна Хан, «Ахыска» облыстық түрік филиалы мәдени орталығының төрағасы Шаисмаил Ахметұлы Асиев, «Білім және жаңа инновациялық технологиялық» орталықтың директоры, тарих ғылымының докторы Жанат Ерекенқызы Сманқулова қатысты.
Құрметті қонақтар алдымен «М.Мақатаев мұражайы» мен «Әлем мәдениеті дәрісханасына» саяхат жасады. Одан кейін мәжіліс залындағы басты мақсаттарын жалғастыру үшін, көпшілікке бет бұрды. Жиылған қауым алдымен Қазақстандық патриотизм мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда «Біртұтас халық» Қазақстан халық Ассамблеясы Алматы облысының қызметі жайлы бейнефильм қөрсетілімін тамашалады.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлы жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде: - «Елбасы берген тапсырмалардан туындайтын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап, жүзеге асыру. Халқымыз айтқан «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі күн бірлескен іс-қимылымыздың үйлесімділігін талап етеді. Сондықтан татулығымыз бен берекелі бірлігімізге сына қағылмау үшін, сызат түсірмеу үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жұмыс жасап, керек жерінде «бір ауыздан сөз де» шығара білуіміз қажет. Бүгінгі біздің құрметті қонақтардың да басты айтары осы», - деді.
Одан кейінгі жарыссөз қонақтарға берілді. Олар ел бірлігі тек достықта ғана емес, денсаулықты нығайтуда да үлкен жұмыс жасау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, ассамблеяның мүшелері жастар қанатын ширату, қоғамдық келісім кеңестерін құру, өзге ұлт өкілдерімен байланысты дамыта түсу, ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қолдау көрсету, тың идеялар мен ұсыныстар енгізу қажеттігі айтылды. Елдің шежіресін түзіп, өткенін түгендеу мақсатында және дінаралық қарым-қатынастар зерттеп, ең негізгі дін мектебін ұйымдастыру туралы сөз болды. Ұлт бірлігі, мемлекеттік тіл аясын кеңейту, бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін пайдалану туралы да ой өрбітті
|