Басты  - ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ҰМЫТЫЛА МА?
 

 
 
 
ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ҰМЫТЫЛА МА? 04.09.2015
Қазақ болып, етегімізді жиып, есімізді дұрысталған соң, ұлттық дүниемізді жоғалтып алмаудың алдын алып, алаңдап отыратынымыз анық. Қызық, театр киім ілгіштен басталатыны сияқты қазақтың бет-бейнесі мол дастарханынан көрініс табады. Ал сол «бет-бейнеміз» қазіргі кезде қаптаған мейрамханалар мен кафелердің тасасында қалғандай.
Бүгінде мейрамхана бизнесі елімізде қарқынды түрде дамып келеді. Әрі табысты, әрі пайдалы кәсіп түрі саналады. Бұрынғы Кеңестік кезеңдегі қоғамдық тамақтандыру орталықтары деңгейінен әлдеқайда өскен. Халықаралық тәжірибеде Қонақ үй индустриясы және мейрамхана бизнесі барынша дамыған салалардың бірінші сатысында тұр. Бәсекелесі көп сала болып саналғанымен, табысы да айтарлықтай. Мейрамхана шаруашылығын жүргізушілердің тақырға отырғаны жоқ. Істің көзін таба білсе, келушілерге бармағын жалап жейтін дәмді асын ұсынса болғаны. Жайлы атсмосферада, ырғақты әуенмен, дәмді ас ішкен тұтынушы айналып соғары анық. Тұтынушыларының тамырын тап басып, тұрақты келушісіне айналдыру үшін барын салатындар бар. Тіпті шетелдерден майталман аспаздар шақырып, шаруасын шалқытып жүргендер жетерлік. Осы салаға инвестиция салу да бүгінгі күні жанып тұрған сәнге айналғаны да шындық.
Ал ұлттық тағамдарды дәріптеу бойынша аудан көлемінде «Жан», «Бес Найза», «Мақсат» кафесі алда тұр. Күнсұлу Ұзақбаева «Бес Найза» кафесінің менеджері былай дейді:
- Бүгінде осы бизнес түріне ден қойғандар көп. Сондықтан да бәсекелестік басым. Бәсекенің алдын алуда тағам сапасы өте жоғары және қызмет көрсетуіміз нақтыланған болуы керек. Тағамдар көш басында қазақтың ұлттық асымыз ет тарту мен қазы-қарта, жал-жаясы тұрады. Екіншіден, шайға құрт, сары май, ірімшік те бар. Сусындардан қымыз, шұбат айран ұсынылады. Бірақ өкінішке орай, өзге ұлттар мен алыстан келген шетелдік қонақтар болмаса көбіне тұрғылықты халық ұлттық тағамдарға сұраныс бермейді.
Бүгінде жұрттың бәрінің көзі ашық, көңілі ояу, сондықтан да салауатты өмір салтын ұстанып, аса талғампаздықпен тамақтанғанды ұнатады. Оның ішінде калориясы аз, сіңімді, табиғи өнімдерден дайындалған тағамдарға тапсырыс беретіндер көп. Әрі үй асханасынан бөлекше болуын қалайтындар бұрын-соңды дәмін татып көрмеген ерекше тағамдарға әуес. Кезінде жұрттың бәрі жапон асханасына ден қойғаны есте. Бұл бір таяқшамен тамақ жегенді таңсық көргеннен болса керек. Уақыт өте келе жапон тағамдары талғам таразысынан төмен тартқандай да. Көпшілік одан бас тартты. Ал бүгінде түрік асханасы, ұйғыр асханасының дақпырты жер жарып тұр. Сондай-ақ, бүгінде мейрамхана бизнесінің көкжиегінде фьюжн стильі қалыптасып отыр. Яғни, әлем елдерінің асханасымен үйлестіру. Демек, дәстүрлі дәмдерге экзотикалық өң беру сәнге айналған.
Ешкім де ұлттық тамаққа қарап отырған жоқ. Бірақ, бұл кенжелеп дамып қалды деген сөз емес. Әр тойда тартылған тау-тау еттер мен көл-көсір қымыз ұлттық тағамның маңдайының қызып тұрғанын көрсетеді. Біріншісі тартылған тамақ қазақша ет болса, екіншісі ұлттық сірнесі.
Дегенмен, талғамға талас жоқ. Мейрамхана ісін енді ашуға бет қойғандар көбіне өзінің талғамын өзгелерге таңып қателесіп жатады. Өзіне ұнайтын тағамдарды тықпалауға әуес. Ол өзін тамақтандыруды емес, басқаларды тамақтандыратынын естен шығармағаны ләзім. Ащы дәмдеуіштермен тұздықталатын корей, қытай асханасын асқазаны ауыратын көпшілік аса қолайлы көре бермейді. Біреуге түрік асханасы, кей адамға ұлттық тағамдар, грузин тағамдары ұнайды. Көпшіліктің сұранысына ие асхананы дәл таңдаған жөн. Келушілер көбіне әңгімелесуге, еркін демалуға келеді. Ол үшін ең бірінші жайлылыққа, содан соң тағамның дәмділігіне мән береді. Асың тіл үйірер болса, олардың қайта айналып соғары сөзсіз.
Егер бәсекелестерінің кемшін тұстарын бағамдап, сол олқылықтың орнын толтыра білсе, біздің ұлттық құрт, ірімшік пен қаймақ қатылған шәйіміз, жұп-жұмсақ марқаның етінен дайындалған сірнеміз, жал-жаясы мен қазақша ет тартуымыз бәрін басып озары анық.