Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
Ораза ұстағанға - ұлық сый 04.07.2016

   
     

Қазір айлардың сұлтаны Рамазан айы. Осынау айда аудан әкімі Қ. Медеуов ауыз бекіткен жамағатқа арнап «Жан» кафесінде ауызашар берді. Үлкен сауапты іске аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Әкімбеков Рахымжан Сабыржанұлы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкіл имамы Наржанов Қуаныш Бақытбекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының заңгері Дәулетияр Сақитжан Әріпұлы, Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарының бас имамдары мен найб имамдары аудандық мешіттің бас имамы Абсаматов Мұхтар Сардарбекұлы, аудан әкімінің орынбасарлары мен округ әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары, жалпы ауыз бекіткен жамағат шақырылып, кең де мол дастархан басында бас қосып, сауапты іске мұрындық болды.
Аудан әкімі Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Алланың разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза тұтып жатқан жамағатқа «ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын», Отанымызға тыныштық, әр шаңыраққа амандық-саулық тілеймін!», - деді. Дастархан басында сөз алған аудандық мешіттің бас имамы Абсаматов Мұхтар Сардарбекұлы қасиетті айдағы аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлының бұл бастамасы ел игілігі үшін атқарып жатқан шынайы ықыласының жемісі, Жаратқан Ием жар болсын! Елбасы және ел қамында жүрген азаматтарға амандық тілейік. Алла тағала береке-бірлігімізден айырмасын. Ауданымызда молшылық, тоқшылық жылы болсын деген жылы лебізін білдірді. Артынша сөз алған аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы, Ащыбұлақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қ.Кеншін қасиетті айда сауапты іс жасаған аудан әкіміне алғыстарын айтып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп ақ батасын берді.
Жиналған көпшілік имандылық, адамгершілік жастар тәрбиесі хақында салиқалы әңгімелер тиегін ағытып, ораза айының қадір-қасиеті турасында пітір садақа берудің маңызы мен сауабы туралы ой сабақтады. Ақ дастарханға жиналған қауымға арнап әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертілді.
Қасиетті айда тұтқан оразамыз бен берген ауызашарымыздың сыйы сауаптан болсын!