Басты  - ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ МЕН ҚОЛДАНУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
 

 
 
 
ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ МЕН ҚОЛДАНУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
04.06.2015

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 29 маусым 2011 жылғы №110 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген.
Бағдарламаны жүзеге асыру 3 кезеңге бөлінген: 2011-2013 жылдары, 2014-2016 жылдары, 2017-2020 жылдары. Бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты.
Бағдарламаның міндеті мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау, мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру, қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу, тіл мәдениетін жетілдіру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қызмет етуі, Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау, ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену болып табылады.
Екінші кезең (2014-2016 жылдар) аясында мемлекеттік тілді оқып-үйрену және қолдану саласында, сондай-ақ тілдік әралуандықты сақтауда жаңа стандарттар, технологиялар мен әдістерді енгізу жөніндегі практикалық шаралар кешенін іске асыру қарастырылады. Сонымен қатар осы кезеңде мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын аккредиттеу ісін жүргізу, сондай-ақ олардың қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу жұмыстары басталады.
Мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру - мемлекеттік қызметшілердің, халыққа қызмет көрсету және мемлекеттік қызметтер көрсету саласы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруі жөніндегі міндетті төменгі талаптарды енгізу көзделеді. Бұған қоса мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, әзірленген нормативтік-құқықтық базаның негізінде қазақ тілінің терминологиялық қорын ретке келтіру, ономастикалық кеңістікті жүйелеуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар басталатын болады.