Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
ӨМІРІ МЕН МАМАНДЫҒЫН ҚАТАР ӨРГЕН АЗАМАТ 04.04.2016

          
           Мына жаһандану көші ешкімді аямайды да, ол уақыттың досы болып алған. Жолында тұрған небір тау тұлғаңды қандай адам екенін, не жасап, немен күнөлткенін ел алдына көрмеге қойғандай етіп береді. Осы жолды тек қасқайып, елдің қамын емірене жеп, оның дамуына көлдей тер мен таудай еңбегіңді көрсете білумен жеңесің. Осындай айтулы адамдар әр ауылда, әр аймақта бар. Соның бірі аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Молдахметов Талғат Биғалиұлы десек, артық айтпаған болар едік.
Талғат ағаның әу деп бастаған сөзі әкесі Биғалидың берген тәлім-тәрбиесінен басталды. «Әкем жеті класс қана оқыған жан екен. Бірақ ол өзінің білімін ең биік шыңдарға жұмсады. Ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысына да қатысып, ел алдындағы туған жерге деген борышын үлкен абыроймен қорғады. Әкем қашанда балаларына деген қатаң тәртіп пен берген білімін өте асқан шеберлікпен көрсетіп берді. Ол отбасымыздағы он баланың жоғары білім алуына үлкен жағдай жасады» - деді мақтана.
Осындай үлкен жүректі әкенің тәрбиесінен кейін, Талғат аға өзінің мамандығына деген махаббатын адал сезімін өмірбақи сақтап келеді. Бір салада 40 жыл талмастан еңбек етті. Тек қазіргі кезде талай жылғы бейнеттің зейнетін көру үшін, одан қала берді арттағы өскелең ұрпаққа жол беріп, зейнеткерлікке шыққалы отыр. Өзі ұзақ жыл басқарған мекемеде жас маманға тәлім-тәрбие беріп, тәжірибелік сынақтан өткізіп, олардың өз кәсібінің хас шебері болуына барлық жағдайды жасады. Қазір осы адамның мектебінен шыққан талай қызметкерлер әр тарапта жүр.
Ол кеңестік дәуірде ержетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен жастайынан атқа мініп, ел басқару ісіне араласқан азамат болатын. 1953 жылы Қостанай облысы, Жанкелді ауданы, Торғай ауылында дүниеге келеді. Ағартушы ғалым, ұстаз Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған қазақ жеріндегі ең алғашқы онжылдық мектепті тәмамдаған соң, оқу-білім іздеп, Қарағандыға аттанды. 1973 жылы Қарағанды қаласындағы Медициналық институттың санитарлық-эпидемиологиялық факультетіне түсіп, оны 1976 жылы сәтті аяқтап шығады.
Содан бері 1987 жылы Торғай облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық санкциясы жабылғанға дейін сол туған жердің топырағында қызмет жасайды. Содан кейін Талғат ағамызды тағдыр жетектеп отырып әсем Алматы қаласына әкеледі. Сол кездегі Алматы облысы Мәскеу ауданына қарапайым санитарлық дәрігер болып орналасады.
Мойнына қызмет жүктелсе абыроймен атқаруға машықтанған Талғат аға, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, сол саланы жетістікке жетелеп кететін жігерлі жұмыстары көптің көзіне түсті. Аудандағы жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл қойып, жоспарын асыра орындап, мал арасындағы түрлі жұқпалы індеттердің алдын алу сияқты өрісті, игілікті істер жанданды. Осындай еңбектерінің нәтижесімен танылған маманды аудан, облыс басшылары 1998 жылы Іле аудандық санитарлық бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады.
Өз кәсібінің жай-жапсарын жетік білетін, мамандығының қыр-сырын үздік меңгерген маманды кім қадірлемейді, кім сыйламайды?! Оның үстіне бұл маман өз әріптестеріне кішіпейіл, қол астындағы қызметкерлерге әділ, әрі мейірімді болып жатса, мұндай жанның, әрине, ортада абырой-беделі де артады.
Жалпы, Талғат Биғалиұлы сөздің емес, кәсіби істің адамы. Өз саласының білгір маманы ретінде аудан көлемінде мал арасында, жеміс-жидек дейсіз бе, адамдарға қарсы бактериялар кездесетін жұқпалы аурулардан сауықтыру бағытында малдәрігерлік ұжымдармен бірлесіп, аянбай еңбек етіп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қандай лауазымда болса да қарапайымдылығынан айнымай, барлық ынтасымен өз міндетін мінсіз орындауды ғана ойлады. Кәсібіне адал берілген ол бәз біреулер секілді күйбің тірліктің күйкі мәселелерінен биік тұрып, бойын аулақ ұстады. Іштегі ойларын тура айта салатын алғырлығының арқасында қай тұста, қай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен емес. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас деп күлбілтелемей, айтарын анық айтып, артық кетсе қайтар жерін білді.
Сонау Торғайдың өлкесінен келген арғы атасы - Шақшақ Жәнібек, бергісі - Аманкелді Иманов сынды асылдардың жұрнағындай аудан емес-ау, облысымыздың санитарлық-эпидемиология саласына өзіндік үлесін қосқан Талғат ағаның сіңірген еңбегі елеусіз-ескерусіз қалған емес. Бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен және мадақтама қағаздарымен марапатталған.
Әлия ханымдай жарды кездестіріп, отбасын құрып, екі қыз, бір ұл өсірген абзал әкенің салған сара жолынан ұрпағы еш тайған емес. Алдыңғы ұлы мен қызы жоғары білім алып, елдің дамуына атсалысып жатса, кенже қызы әне-міне 11 сыныпты тауысып, өмірдің үлкен жолына түспек. Барлығы тәртіп пен тәрбиенің көзін көрген. «Әке шырағы сөнбейді» деген осы болса керек.
Жақында Талғат Биғалиұлы сәуірдің сәуле шашқан айында Пайғамбар жасқа шыққалы отыр. Ол: «Алпыс тал түс. Осы уақытқа дейін қызметімді адал атқардым. Ендігі жол жастардікі ғой. Заман да солардікі. Мен құрметті демалысыма шығамын. Бала-шағаммен, немерелеріммен бірге боламын. Мен бақыттымын өз мамандығыма адал болдым. Тазалықтың патшасы болу бір ғанибет қой» - деді басындағы әппақ шашын еңбектің сүре жолына сүрленген саусақтарымен тарап-тарап жіберді.
«Есесі қайтпас еңбек жоқ» дейді тағы да. Яки, бақытқа өзіңіз жүгірмесеңіз, бақыт басқа оп-оңай қона салмайды. Сәттілік шыңына шығу үшін еселі еңбек жасау керек. «Бір нәрсе алмастан бұрын бір нәрсе бер». Әлемнің заңы осы. Әдемі гүлді егіп, баптамасаңыз, ол өсіп әлемді әрлемейді Сыйлы болу да дәл сондай. Адамдарға қандай қарым-қатынас жасасаңыз, олар да сізге дәл солай жауап береді.
Біздің кейіпкеріміз өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ. Оны жан-жақты зерттеп зерделеді. Талғат Биғалиұлы еңбегінің есесін енді алады. Ол кісінің ауданның көркеюіне қосқан үлесі ешқандай параметрлермен өлшенбейді.