Жаһандық дамудың даңғыл жолына түскелі көшіміз түзеліп, тереземіз өзге елдермен теңесіп келеді. Мұның барлығы ел дамуы жолында іске асқан жүйелі реформалар мен нақты жоспардың жемісі. Биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты Жолдауында Елбасы Қазақстанның жас азаматтарына үлкен үміт пен сенім жүгін артып, «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңыздар» - деп атап көрсетті. Оларға жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл бару қажеттігін айтты. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адамның озатынын нақты түсіндірді. Елді болашаққа бастаған бұл Жолдау бізге - ұстаздар қауымына да үлкен міндеттер жүктеп отырғаны айқын. Қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келетін оқыту әдістемелерін қолдана отырып, сабақтарымыздың танымдық деңгейін көтеру - басты мақсатымыз. Оқушыларға жақсы білім берумен қатар Отан алдындағы жауапкершілігін сезіндіріп, адамгершілікке тәрбиелей білуіміз қажет. Өйткені, жастар - ел болашағының иесі. Қазіргі таңда ауданымыздың экономикалық жағдайы күннен-күнге жақсарып жатқаны бізге мерей. Алматы - Байсерке - Талғар магистральді газ құбыры құрылысы жүзеге асса, 31 елді мекеннің 30 орталықтандырылған су құбыры арқылы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Өтеген батыр кенті қазір дәулетіне сәулеті сай елді мекенге айналды. Қарттарымыз бен жастарымыз бос уақытында тынығатын керемет саябақ ашылды. Біздің денсаулығымызға пайдалы шұбат өнімдерімен қамтамасыз ететін шұбатхана ашылса, халыққа сапалы қызмет көрсететін түрлі сауда орталықтары бүгінгі күннің талабына сай қызмет етуде. Бізде орта мектеп те, гимназия да, лицей де бар. 2015 жылы 4 орта мектептің құрылысы аяқталып, халықтың қолданысына беріліп, үш ауысым мәселесі шешіліп, оқушылар жаңа ғимаратқа көшірілгені көңілімізге қуаныш ұялатты. Енді сапалы білім саналы тәрбие беруде ата-аналар мен ұстаздардың бірлескен үндестігі мен шығармашылық еңбегіне байланысты болар деп ойлаймын. Ғаламтор байланысы 34 орта мектепте қосылып, қазіргі күні 110 интерактивті тақта жұмыс жасайды. «Ертеңін болжамаған ел жаман» - деген халық нақылы бар. Сол себепті, халқымыз: «ертеңін ойламаған еркектен, кешкісін ойламаған әйелден без» деп мәселенің басын ашып айтқан. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Даланың жерұйығы Іле өңірі көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысы болып отыр. Аудан жұртшылығы әр уақытта қонақжайлылығымен, татулығымен, бірлігімен биіктен көрініп келеді. Осы құндылықтармызды сақтай отырып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру - бәріміздің басты міндетіміз екені анық.
Біз ұстаздар қауымы барлық уақытта Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдаймыз. Кез-келген іс-шараға белсене қатысамыз, ауыл, ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының өсіп-өркендеуіне күш-жігеріміз бен еңбегімізді жұмсаймыз.
|