Басты  - ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ӨЗ ЕСЕБІН БЕРДІ

 
 
 
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ӨЗ ЕСЕБІН БЕРДІ 03.12.2015

Өткен аптада Ащыбұлақ ауылдық округіндегі қоғамдық Кеңес мүшелері халық алдында өздерінің есеп беру жиынын өткізіп, баяндама жасады. Жәпек батыр ауылының қоғамдық Кеңес жетекшісі Р.Бақтыбаев, Әйтеке би ықшам ауданының қоғамдық Кеңесінің жетекшісі Т.Маханов жыл бойы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Бұл жиынға округ әкімі М.Кәрібаев, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Ә.Исаев, аудандық мәслихат депутаты Ш.Қағазбаева, Жәпек батыр ауылындағы мешіттің бас имамы Б.Қонақбаев қатысты.
Сонымен қатар болған кездесулерде Елбасының «Ұлт болашағы 100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілді. Округтердегі қоғамдық Кеңес мүшелері мұрындық болған шаралар мен тәлім-тәрбиелік жұмыстарды қамтыған кең көлемдегі хабарламалар тыңдалды. Есеп беру жиынында оң шешімін таппай тұрған мәселелерді тілге тиек етті. Солардың бірі - ауыл шетіндегі зират туралы. Онда округ Алматы сияқты үлкен мегаполистің жанында тұрғандықтан алматылықтар бақилық болған адамдарды осында әкеп жерлейтін көрінеді. Ал бұл жер жыл өткен сайын тарылып бара жатқан жәпектіктерге қиын соғуда. Осы олқылық туралы көп айтылды. Ауыл ақсақалдары алаңдаушылық білдіріп, тоқтатуды талап етті. Одан қалса көше тазалықтары мен кейбір тәртіпсіз тұрғындардың қылықтары жайлы сөз қылды.
Округ әкімі М.Кәрібаев аталмыш мәселелер туралы дауларды мықтап қолға алатынын, осы адамдардың тәртіпсіздігін тек қоғамдық Кеңеспен жаппай халық болып, қолға алмаса түк өнбейтінін айтып бірігуге ұсыныс білдірді. Жиын соңында қоғамдық Кеңес мүшелерінің атқарған жұмыстарына жиналған қауым бірауыздан қанағаттанарлық деген бағаларын беріп тарасты.