Энергетик ауылдық округі аудандағы ең ірі өңір болып саналады. Халқының саны да көп. Отыз мыңға жуық. Округке қарасты Өтеген батыр кенті Іле ауданының әкімшілік орталығы болып саналғандықтан мемлекеттік мекемелердің барлығы осында шоғырланған. Бір кездері энергетиктердің кенті болған Өтеген батыр бүгінде адам танымастай өзгеріп, басқаша келбетке айналған, өндірісті, өнеркәсіпті округ болып табылатын Энергетик қазір Покровка ауылымен қоса «Қуат», «Гүлдер», «Арман», «Қарасу» шағын аудандарын біріктіріп отыр.
Округ әкімі Нұрдәулет Бақытұлы Көкім өндірісі мен орта және шағын кәсіпкерлігі, білімі мен денсаулығы, мәдениеті қатар дамыған осы округте жұмыстың қызу қарқындап, тұрмыстың жедел жақсарып келе жатқандығын айрықша атап өтті.
Елбасының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» атты Жолдауын басшылыққа алған округ әкімшілігі өндіріс орындарының жұмысын үйлестіруде, оларға бағыт-бағдар беруде жүйелі түрде мақсаткерлікпен жұмыс жүргізуде. «Филип Моррис Казахстан», «Алматыоблтяжстрой», «Алматыэлектрострой», «АлЭС», «ТЭЦ-3» сияқты акционерлік қоғамдары мен «Алкан Пэкеджинг Казахстан», «Райымбек Агро» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіріс қарқынын дамытып, бюджет қоржынын толтыруға қомақты үлес қосуда. Темекі өнімдеріне қорап дайындайтын «Эмкор Тобакко Пэкеджинг Казахстан», пластик тығындарын өндіретін «Берикап Казахстан», жылу изоляциялық материалды шығаратын «Полпан КЗ», сплитерлі блоктарды шығарумен айналысатын «АСМ АКСУ», полиэтиленді құбырларды өндіретін «СКА 63», арнайы аяқ киім тігетін «Дархан-МНМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазіргі кездегі заманауи жабдықтармен жабдықталынып, ИСО стандартына сай келетін бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруде.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 2015 жылы 15 кәсіпорын іске қосылып, қосымша 128 жұмысшы орны ашылды. Жалпы округте 429 шағын кәсіпорын, 1193 жеке кәсіпкер, 132 дүкен, 26 мейрамхана, 6 жанар-жағар май құю бекеті, 17 дәріхана, 28 шаштараз, 5 машина жөндеу станциясы, 3 базар, 2 наубайхана жұмыс істейді. Жоғарыда аталған кәсіпорындар округтің және аудан экономикасының дамуына үлес қосумен бірге өз мүмкіндігінше қайырымдылық шараларына белсене қатысып, Ұлы Отан соғысының және тыл, еңбек ардагерлеріне, жалғыз басты қарттар мен аналарға, мүгедектерге, жетім-жесірлерге барынша көмек көрсетеді.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы құны 55,5 миллион теңге болатын алты балалар және бір спорт алаңының құрылысы аяқталмақ. Осы бағдарлама бойынша мұсылмандар және христиандар мүрдесінің алаңы қоршалынды. Сонымен бірге 2016 жылы 320 орынды балалар бақшасының, кәсіптік-техникалық мектептің, тірек пунктінің, «Қуат» шағын ауданында Мәдениет үйінің құрылысын салу жоспарлануда. 2015 жылы округ аумағындағы оннан астам көшеге 206 миллион 900 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Энергетик ауылдық округінің аумағын газдандыру жұмысы 2014 жылы басталған болатын. «Гүлдер», «Қуат» шағын аудандарының тұрғын үйлеріне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып қалды. Үстіміздегі жылдың қазан айында жоғарыда аталған екі шағын ауданның жеке секторына және Покровка ауылының алғашқы екі көшесіне газ қосылады деп күтілуде.
Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, мұнда білім саласының жұмысын жандандыруға баса назар аударылуда. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, балаларға әлемнің озық технологиясы бойынша сабақ беру мәселесіне әкімшілік немқұрайды қарамайды. Ауыл әкімі мектеп басшыларымен бірлесе отырып, оқушылардың заман талабына сай білім алуына барлық жағдайды жасауда. Мұнда 6296 баланы қамтитын 5 жалпы білім беретін мектеп, 352 орынға арналған екі балабақша, 840 орынға арналған жеке балабақшасы, «Прогресс» политехникалық колледжі, «Экономика және құқық» колледжі жұмыс істейді.
«Көмек» репетиторлық және балалардың білімін тереңдете дамытатын «Радость», «Кубик Клаб» орталықтары, екі саз мектебі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен оқушылардың жан-жақты болып өсуіне ықпал жасауда. Осы аталған мекемелер бүлдіршіндерді ерте жасынан өмірдің сырын ұғынуға, шығармашылыққа талпындыруда, ізденімпаздыққа баулуда ештеңеден аянбай, тындырымды жұмыстар атқаруда.
Денсаулық та, адам үшін баға жетпес байлық. Денің сау, көңіл-күйің көтеріңкі болса алынбайтын қамал жоқ. Бұл орайда 450 орындық Алматы аумақтық балалар ауруханасы, 200 орындық «Орталық аудандық аурухана», Покровка ауылындағы дәрігерлік амбулатория, «Ару» және «Аймед» ақылы медициналық орталықтар, 2 диагностикалық, 5 жеке стоматологиялық кабинеттер округ тұрғындарының денсаулығын қорғап, қатерлі және жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарымен айналысады.
Мәдениет те маңызды сала. Тұрғындардың рухани байлықтарын еселеуде, олардың көңіл-күйін көтеріп, жандарын жадыратуда көркемөнерпаздар ұйымының атқарар жұмысы айрықша. «Рабис», «Кабис» бағдармаларымен жұмыс істейтін аудандық кітапхана, Өтеген батыр кентіндегі Әлібек Нұрқожа атындағы «Ардагерлер» ансамблі тек округтің ғана емес, ауданның да мақтанышы. «Үш ұрпақ», «Ауған соғысы ардагерлерінің» ескерткіштері тұрғындарды өткенімізді ұмытпауға, адами құндылықтарымызды қадірлеуге шақырады.
Спорт саласында да табыстар ауқымды. Қыздардан құрылған гандбол командасы әлемдік чемпионатта бірнеше рет жүлдегер атанды. Футболшылар мен волейболшылар командасы да округтің спортын дамытуға үлкен үлес қосуда. Округ тұрғындарының дене шынықтырумен айналысулары үшін 1 футбол алаңы, 3 стадион, 5 спорт залы, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі оларға сапалы қызмет көрсетеді.
Энергетик округі аумағында атқарылып жатқан игі істермен қатар шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер де жоқ емес. Жұмыс болған жерде кемшілік те болады. Өйткені, аудан орталығы болып саналатын - Өтеген батыр кенті тұрғындары санының жылдан- жылға еселеп артуы өзіндік қиындықтарды туғызуда. Мәселен, Өтеген батыр кентіндегі су құбыры жүйелерінің жағдайы тым нашар. Титов, Абай, Витковский, Әжімұратов көшелеріндегі су құбырын жөндеу қажет. Бұл үшін алдағы жылдары арнайы қаржы бөлінеді деген үміт бар. Сол сияқты Гагарин көшесіндегі жер асты суларын сорып алу жүйесін жасау жөніндегі мәселе де өз шешімін таппай отыр. «Энергетический» саяжай қауымдастығының ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілмеуі де тұрғындардың наразылығын тудыруда. Дәл қазір осы мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып, округ әкімшілігі тисті шараларды қабылдауда.
Округ аумағы өзіне аудан орталығын біріктіріп отырғандықтан кентті көркейтіп, көріктендіру, абаттандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Қ.Медеуовтың тікелей басшылығымен орталықтағы саябақ көріктендіріліп, сондағы «Үш ұрпақ» ескерткіші толықтай жаңартылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Елбасының сындарлы саясатын жергілікті жерде жүзеге асыру, жылдағы Жолдаулар міндетін орындау бағытында Энергетик округі әкімшілігі халықпен бірігіп, уақыт талабына сай жұмыс атқаруда. Өндірісті, өнеркәсіпті аумақ - Энергетик ауылдық округі қашан да белсенділігімен, замана көшіне ілесе алатын жаңашылдығымен ерекшеленуде.
|