2012 жылы аудан әкімінің бастауымен «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының, «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисінің қолдауымен жергілікті округтерде қоғамдық Кеңес құрылған еді. Мұндағы мақсат биліктің халыққа барынша жақындай түсіп, сол арқылы өңірдегі көкейтесті мәселелерді өзара ақылдаса отырып шешу болатын. Қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақылына сүйенетін болсақ, ауылдағы есік алдындағы тазалықтан бастап, жол жөндеу, жарық тарту, сумен қамтамасыз, әлеумет пен әлеует, құқық пен тәртіп мәселелерінің барлығын жергілікті белсенділердің ақыл-кеңесі немесе талап-өтініші арқылы жүзеге асырылады. Тіптен атаулы мерекелер мен ұлттық мейрамдар, мерейтой салтанаттары мен еске алу кештері де қоғамның жұдырықтай жұмылуының арқасында өткізіледі. Бұл игілікті бастаманы кейбір округтер қуана қабылдап, осы мақсаттағы жұмыстарын бір арнаға тоғыстырып жатса, енді біреулері әлі де болса серпіле алмай сергелдеңге түсуде. Көпшілік жергілікті өзін-өзі басқарудың ережелері мен қағидаттарын жете түсінбей дал болса, біраз адамдар әлі тұтынушылық әдеттен арыла алмағаны да рас. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың басшылығымен қоғамдық Кеңес төрағасы Әмзе Әлдибекұлы Исаев пен оның орынбасары Роза Михайлқызы Абилова екі жылда атқарылған жұмыстарды саралап, талдай отырып, барлық округтердегі қоғамдық Кеңес төрағалары мен көше комитеттерінің жетекшілерімен кездесті. Кездесу дөңгелек үстел түрінде өтті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №432 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» басшылыққа алынып, қоғамдық кеңестің мақсат-мүддесі, жұмыс жүргізу тәртібі, оның билікпен басқа да ұйымдармен, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасы, осыған байланысты қолданыстағы заңдылықтар кеңінен түсіндіріліп, маңызды мағлұматтар берілді. Әмзе Әлдибекұлы Исаев жыл аяғында «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» атты байқаулардың өткізілетінін өз сөзінде айтып, жұртты байқаудың ережесімен таныстырды. Бұл жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар да өздерін толғандырып жүрген көкейтесті мәселелерді көпшіліктің талқысына салып, оны шешудің тетіктерін қарастырды. Бұл тұрғыда Ащыбұлақ, Байсерке, КазЦИК, Күрті, Қараой, Междуреченск, Чапай округтерінің қоғамдық Кеңестері жоғары белсенділік танытып, өздерінің тұжырымды ойларын, осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарын ортаға салды. Айталық, Ащыбұлақ округіндегі қоғамдық Кеңес жұмысының тәжірибесі аудан бойынша үлгі ретінде таратылуда. Мұнда адамның тұрмыс-тіршілігіне байланысты мәселелер, ауылдың көркейіп, көріктенуі қоғамдық кеңес пен жергілікті билік арқылы өзара ақылдасу арқылы шешіледі. Наурыз, Құрбан айт, Рождество сияқты мерекелерге барлық көше тұрғындары жұмылдырылады. Басқа да айтулы мерекелер халықтың белсене қатысуымен өткізіледі. Рүстем Бақтыбаев, Сахит Чатуев, Санат Сүлейменқұлов сынды қоғамдық Кеңес төрағалары көше комитеттері арқылы ауылдағы барлық жағдайды бақылауда ұстап отырады. Мұнда атқарылған жұмыстары туралы альбом, буклет шығарылып, арнайы стенд жасалынған. «Ауылым - алтын бесігім» атты кітапша шығарылып, оған әрбір тұрғын жайлы, әр отбасының жағдайы туралы толық мәлімет енгізілген. Байсерке ауылында да үлкен серпіліс бар. Бүгінде Қоғамдық Кеңес төрағасы Қайсар Уәлиев ауыл әкімінің оң қолына, жанашыр көмекшісіне айналған. Көше комитетінің басшысы Айтбаева Гүлнардың ұйымдастыруымен көше тұрғындарының өз қаржысына Байсерке ауылындағы бір көше толықтай жөнделген. Бұл бастаманы басқа көшелер де қолдап, көшелерге тас төсеу, оны тегістеу жұмыстарын қолға алған. КаЦИК ауылындағы қоғамдық Кеңес төрағасы Мелс Жәмиев ауыл белсенділерінің басын қосып, әркімнің атқаратын міндетін айқындап берген. Мұндағы әйелдер қоғамының төрайымы Айман Қайнарбаеваның айтуынша КазЦИК-тегі тек қоғамдық Кеңес қана емес, басқа да ұйымдар, кәсіпкерлер, ақсақалдар алқасы, көше комитеттері бірлесе тізе қосып, өз өңірлерінің экономикалық тұрғыдан дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына бар мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Мұнда ауылдағы жақсылықты қоғам болып бірлесе бөлісіп, ауыртпалықты да ортақтаса көтереді. Мерейтой жасына келген қарттарды туған күнімен құттықтау, олардың отбасындағы қуаныштарды бірге атап өту жақсы дәстүрге айналған. Междуреченск ауылында да қоғамдық Кеңес төрағасы Ыдырыс ақсақал бұл игілікті істі дұрыс ұйымдастыра білген. Осы округке қарасты Жауғашты, Екпінді ауылдарындағы қоғамдық Кеңес төрағаларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, көше комитеттері арасында серпіліс туғызған. Жоғарыда аталған округтердің тұрғындары ауылдың көркеюі, аудан экономикасының қарыштап дамуы, айналып келгенде мемлекетіміздің тұрақтылығы, өркениетті ел болуы Қазақстанның әрбір азаматының іс-қимылына байланысты екендігін жақсы түсінген. Олар өздерін өздері тәрбиелеу, әрі басқару арқылы ел игілігіне үлес қосуда. Сол сияқты Күрті, Чапай, Қараой ауылдық округтеріндегі қоғамдық Кеңестің жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Өкінішке орай, Боралдай кенттік округі мен Энергетический, Жетіген ауылдық округтеріндегі қоғамдық Кеңес жұмысы жақсы жолға қойылмаған. Адамдардың бойында әлі де болса селқостық, енжарлық бар. Олар ауыл әкімшілігінің аузына қарап, дәрменсіздік танытып отырған сыңайлы.
Құрылғанына екі жылдан асса да қоғамдық Кеңестер жұмысында әлі де болса кемшіліктер бар. Дегенмен «Көш жүре түзеледі» дегендей бұл бағыттағы жұмыстың жанданып, үлкен биікке көтерілетініне сенім мол. Ең бастысы сең орынан қозғалды. Ауыл тұрғындарының билікке деген көзқарасы өзгерді. Билік те халыққа жақындай түсті. Ауданның 10 округінде 47 қоғамдық кеңес пен 1213 көше комитеті және жергілікті билік арасында жақсы қарым-қатынас орнай бастады.
|