Басты  - ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР
 

 
 
 
ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР 03.09.2015
Бүгінде қазақстандықтар бағаның шарықтауына алаңдаушылық білдіруде. Ауқымды өзгерістер кезеңі қоғам өмірінің барлық саласын жан-жақты қамтуда экономика мен экономикалық теория бүгінгі күндерде қоғамды дамытудың басты пәрменді күші болып отыр. Инфляция - бұл кез-келген экономикалық даму үлгісіне тән объективті құбылыс. Инфляцияның себептері айналыс және өндіріс саласында орын алады. Өткен аптаның соңында біз теңге құнының төмендеуі жөніндегі көптеген ақпараттарды естідік және баспасөзден оқып, телеарналардан көрдік. Инфляция адамзат тарихында жаңа құбылыс емес. Доллар бағамының күтпеген жерден күрт өсуі қарапайым жұртшылықтың дегбірін қашырғаны сөзсіз. Доллар бағасы бұлайша қымбаттай түседі деп ешкім де күтпеген. Бұл уақытша үрдіс. Әрине, алаңдайтындай жағдай бар. Жұрттың біразы долларды көптеп алу үшін валюта айырбастау орындарына қарай ағылғаны сөзсіз. Өйткені, барлығы тағы да осындай жағдай бола ма деген үреймен жүр. Оның үстіне тақтадағы сату-сатып алу бағасы да сәт сайын құбылып тұр.
Осыған қарап, жағдайымыз нашарлайды деп алаңдаудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, теңге құнсызданып, қымбатшылықтың болуына негіз жоқ. Теңге бағамының өзгеруі елімізде бәскелестіктің артуына мүмкіндік туғызады. Бәсекелестік болған жерде жұмыс та сапалы жүргізіліп, өндіріс барынша қарқындайды. Сондықтан әліптің артын бағып сабырға келуіміз керек. Бүгінде, монополияға қарсы күресетін комитет бұл жерде бағаны кім көтеріп жатыр, әдейі көтеріп жатыр ма деген сияқты мәселелермен шұғылданып, арнайы комиссиялар құрып, дүкен мен сауда орындарын, базарларды аралап бағаны үнемі назарда ұстап отыр. Осыған байланысты, аудан әкімі жанынан сауда орындарындағы бағаның көтерілуіне бақылау жасау жөніндегі арнаулы жедел штаб құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Сауда мекемесінің басшылары да бағаны көтеруге құлықты емес. Азық-түлік, тағы да басқа күнделікті қажетті заттардың бағасы өссе, онда халық нан мен шәйдан басқа ештеңе алмайтын болады. Мұның өзі сауданың түсуіне жол береді - деп алаңдап отыр олар.
Қазақта «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деген сөз бекер айтылмаған. Қиындықты, қаржылық дағдарысты сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көргенбіз. Жылдап зейнетақы, жалақы алмай жүрген уақыт болды. Халықтың тұрмысы да нашар еді. Ал, қазір жағдайымыз барынша жақсарды. Ендеше, теңге құнсызданды деп, босқа алаңдамайық. Ел болып бірігіп, ынтымақпен келелі істер атқарсақ бұл қиыншылықты да жеңіп шығатынымыз сөзсіз.