Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде Өтеген батыр кентінде Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектепте үлкен әдеби-монтаждық іс-шара өтті. Дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орайластырылып мектептің 25 жылдығы да кең көлемде атап өтілді. Мұның өзі мен үшін осыдан ширек ғасыр бұрын осы мектеп тағдырына байланысты істелінген жұмыстар мен бастан өткен оқиғаларды ой елегінен өткізуге түрткі болды.
Жүздеген жылдар бодандықта болған қазақ халқының басынан өткерген небір тауқыметтерін тарихтан білеміз. Ал өзіміздің ес білгелі көріп-білгеніміз, әсіресе, ана тілімізге қасақана жасалған қиянат еді. Әр нәрсенің, әр құбылыстың өзіндік себебі, өзіндік салдары болуы заңдылық. Затынан момақан бейбітсүйгіш, кеңпейіл халқымның төзімі таусылып, ашу-ыза наразылығының кемерінен асып төгілуі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы болатын. Артынша қанша жерден қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланса да, халықтың сағы сынбады. Қайта керісінше рухы көтеріле түсті. Нәтижесінде бойында ұлттық намысы бар, ұлтжанды қазақ зиялылары сол кездегі ең көкейтесті мәселе - тіл мәселесін батыл қолға ала бастаған. Басқаларды былай қойғанда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» - демекші, қазақ тілділерді менсінбей, жоғарыдан төмен қарайтын орыс тілді қандастарымыз барлық жерде кедергі жасап бақты. Тілеулес болмады, қарсылас болды. Тіл болашағына күмәнмен қарады. Сенбеді. Әйтсе де, тіл жанашырлары мойымады. Іс алға баса берді.
1987 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданды. Көп кешікпей, «Қазақ тілі Құрылтайы» шақырылып, Алматыдағы Ғылым Академиясы үйінде өткізілді. Бұл ұлт болашағына деген өте маңызы зор, үлкен бетбұрыс болды. Құрылтайда «Қазақ тілі қоғамы» құрылды. Академик Әбдіуәли Хайдаров қоғамның төрағасы, Өмірзақ Айтбаев орынбасары болып сайланды. Тіл мәселесі жан-жақты талқыланды. Қоғамның құрылымы, жарғысы, жарнасы, бағдарлама жоспары, мақсат -міндеттері айқындалды. Қоғам қабылдаған маңызды құжаттар Орталық комитеттен бастап, барлық аймаққа тартылды, жер-жерде бюроларда қаралып, тиісті шешімдер шығарылып, қаулылар қабылданып жатты. Барша жұмыс жоспарлы жүргізіліп, жүйеге айнала бастады.
Иә, еліміздің Солтүстік және Шығыс, Батыс, Орталық облыстарында үлкен резонанс тудырған «Тіл мәселесі» (күні бүгінге дейін күн тәртібінен әлі түспей отыр) біздің ауданды да айналып өтпеді. Іле ауданы 1969 жылы құрылғанды. Алғаш Николаевкада, одан соң Қапшағайда болған. Бертін келе 1978 жылы Энергетический кентіне қоныс аударды. Сол кездегі осы кент Кремльдің жымысқы саясатының тапжылмай табан тіреп тұрып қалған жері еді. Кейін жеме-жемге келгенде бұрынғы тұрғындардың бет пердесі ашылып, бет-бейнелері анық көрінген -ді.
Алғашқы аудан басшылары Заманбек Батталханов пен Шолпанқұл Құлымбаев сияқты абзал ағалар осы ауданның бағы, көркі, құт-берекеті еді. Бәрі өздерімен бірге кеткендей. Сол кісілер өмір жолын ұстаздықпен бастамады ма екен? Нағыз ұстаздар еді!
Сол жылдары ақын Нүсіпбек Исахметовтың дауысы жарқын-жарқын шығушы еді. Қазір ақынның бір әзіл өлеңі еріксіз есіме түсіп отыр:
«Емес қой, Дулатқа нұр босқа жауған,
Албан, Суан туысын тастамаған.
Халық ағарту жұмысы шыр айланып,
Шықпай қойды, әйтеуір. Қасқараудан», - деп шеңбер сызып, ішіне білім саласында жүрген Қасқарауларды тізген еді. Олар Балжан Көпбаев, Мұратбек Қаткеев, Төрткен Кененова, Нұрпейіс Қасымов, Базар Ұзабаев сынды халық ағарту саласының нағыз майталмандары болатын.
Тек Шәмша Беркімбаева қалып қойыпты. Көп ұзамай, Нүскеңнің назары түскен Базар Қасымжанұлы кетті де, орнына Тұрсынбек Молдаханұлы Баймолдаев келді.
Бұл кезде аудандағы барлық орыс тілді балабақшаларда қазақ топтары, мектептерде жаппай қазақ сыныптары ашылып жатқан болатын. Мысалы: қазіргі Өтеген батыр кентінде 1987 жылы №7 мектепте ашылған 1 сыныпты Гүлнар, 1988 жылы ашылған 1 сыныпты Жанат, 1989 жылы ашылған 0-дік топты Ұлдан Әбиқызы жүргізді. Кейін осы сыныптар мен балабақшалардағы қазақ топтары №13 мектептің бастауыш сыныптарының негізін құраған еді. Ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатты. Ауданда «Қазақ тілі қоғамы» құрылды. Төрағасы Кеңес Алпысбаев, жауапты хатшысы мен болдым.
Қазақ мектебін ашу ең басты мақсатытымыз болды. Қаншама айқай-шулы жиындар өткізілді. Бірде жиында сөз алған ата-ана Риза Қарамеңдиева: Мен баламды қазақша оқытқым келеді. Өз елімде, өз жерімде мен неге ана тілінде оқыта алмаймын? - деуі мұң екен, қарсы топтың басшылары - балаң орысша оқи берсін, үйіңде қазақша сөйлейсің! - деді зіркілдеп. Ризаның аузын аштырмай, бастырмалата жөнелді. Бұған шыдамаған дәрігер Болат Көшкінов орнынан атып тұрды. Өзі қараторы жігіт еді, өңі қара қошқылданып кетіпті. Аянбады. Екі жақта теке-тіресе қалды.
Не түрлі осы сияқты кедергі, қиындықтарға төтеп берген ұлтжанды, белсенді ата-аналардың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың ерен еңбегінің арқасында мектеп 1990 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Мектепке Мұқағали Мақатаевтың аты берілді. №8 мектептің екі қабатты ескі ғимаратына қолымыз жетті. Қуанышта шек болмады. Алғашқы мұғалімдер құрамының да, оқушылар комитетінің де өзіндік ерекшеліктері, қиындықтары бар. Көш жүре түзелер деп үміттендік. Дегенмен, көңілге қаяу түсіретін келеңсіздіктердің де айта кету қажет сияқты. Түсініспеушіліктің салдарынан мектеп ұжымын жікке бөлді. Меніңше, халыққа қызмет ету керектігін ұмытқан және ұрпақ алдындағы борышын түсінбеген мұғалімдерден осындай жағдайға жол берілген сыңайлы. Осындайда:
Не таптыңдар, ағайын, кетіскеннен?
Кеуде кеуіп,
Көздің бір еті іскеннен!
Ақыл айтып кеттім-ау,
Қайтем енді,
Ақыл айтып тұрғам жоқ жетіскеннен, - деп ақын Қадыр Мырзалиев айтпақшы, орынды жерде орынды пікір айтуға міндеттіміз.
Сонымен, сол кезде Білім министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген әріптесім білгір маман, «қалыс адам» Әлібек Әубәкірұлы Байдәулетов шақырылып, №13 орта мектепке директорлыққа тағайындалды. Оқу-әдістемелік жұмыстың меңгерушісі боп мен жіберілдім. Бұл 1991-1992 оқу жылы еді.
Мақсат мектептегі парасатты, білікті, тәжірибелі пән мұғалімдеріне сүйене отырып, ұжымның бар күш-жігерін еңбекке жұмылдыру үшін қолайлы жағдай туғызу және өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ынтымағы жарасқан білікті, еңбекқор мамандардан тұратын ұжым қалыптастыру еді. Сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін тынбай, тыңғылықты жүргізілген жоспарлы жүйелі жұмыс бірте-бірте оң нәтижесін бере бастаған-ды. Ұжым білімді, еңбекқор жас мамандармен толыға бастады. Ұжымға жаңа күш қосылып, жаңа леп енді. Біртұтас ұжым қалыптасты. Мектептің оқу-материалдық базасы мүмкіндігінше қалыпқа келе бастайды.
Әлібек Әубәкірұлы іскер басшы, ұлағатты ұстаз ретінде өзін жан-жақты таныта білді. Осымен, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына таман басталған қазақ тілінде оқытылатын мектеп ашу үшін жүргізілген күрестің І-кезеңі өз мәресіне жетті.
Жыл санап мектепте оқушылар саны үздіксіз өсе берді, мектеп тарлық ете бастады.
Енді үлкен, кең, жарық, жылы жаңа ғимарат үшін күрестің екінші кезеңі басталды... Бұл күрес те жеңіспен аяқталды. Бүгінгі таңда болашақ үшін өткен ерен еңбектің жемісін көріп, баршамыздың үкілеген зор үмітіміздің ақталғанының куәсі болып отырмыз!
|