Басты  - ЖЕҢІС ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРЕЙДІ ҚАШАНДА
 

 
 
 
ЖЕҢІС ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРЕЙДІ ҚАШАНДА
03.04.2015
Апта басында Боралдай кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның №3656 әскери бөлімінде Отан қорғау жолында құрбан болған сарбаздарға құрмет көрсету, патриоттық, моральдық-адамгершілік құндылықтарды көтеру, Қазақстан халқының қаһармандық тарихын дәріптеу, қазақстандық жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасы өткізілді.
Эстафетаның негізгі нышаны – 1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола облысында құрылған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Жауынгерлік Ту көшірмесі қазақстандық интернационал жауынгерлердің күш салуымен Ресей Федерациясынан арнайы әкелініп, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5573 әскери бөліміне мәңгілік сақтауға табысталған болатын. Қазір Жеңістің 70 жылдығына арналған эстафета осы жылдың 4 ақпанынан 7 мамырға дейін, 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ерлігін дәріптеу мақсатында, Қазақстанның барлық қалаларын аралап өтуде. Осы іс-шараны қолдауға біздің аудан да атсалысты. Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Абилова Роза Михайлқызы, аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы, аудандық мәслихат депутаттары Валерий Син, Роза Айдарбекова және партияның «Жас Отан» жастар қанаты қатысты.
Жиналған жұртшылық алдында №3656 әскери бөлімінің командирі полковник Сейсембаев Айтқали Қырықбайұлы, әуе кеме командирі, майор Станислав Смуригин, әуе кеме борт-технигі, аға сержант Нұрбек Кунешов, штаб аудармашысы Салтанат Ақышева сөз сөйледі. Аталған авиация бөлімі болашақта еліміздің бас қаласы Астанаға көшпек. Онда Еліміздің Қорғаныс министрлігінің шешімімен жаңа әскери Авиабаза құрылып, заманауи техникалармен қамтамасыз етілмек. Эстафета соңында нұротандықтар жауынгерлермен бірге естелік суретке түсті.
Айта кетейік, эстафета мамыр айына дейін жалғасып, 9 мамыр күні Астана қаласында Жеңістің 70 жылдығына арнап өткізілетін парадқа шығарылмақ. Осы күнге дейін Жауынгерлік Ту еліміздің солтүстік, орталық, батыс, оңтүстік өңірлеріндегі әскер бөлімдерде болуы тиіс.