Басты  - ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА – 550 ЖЫЛ
 

 
 
 
 
АЛАҚАНЫ АЯЛЫ АБЗАЛ ЖАН 03.02.2016

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын!» деген қағиданы ұстанып, ағымнан жарыла ақтарылып отырғаным, жақсы көретін адамдардың ішіндегі өзіме жақын, қандай жағдайда болса да ойланбастан сенім арта алатын досым, Жетісу өңірінің тумасы, Жаңадәуір ауылының тұрғыны Сегизсаринова Камал Кабиевна жайлы сыр ақтарсам деп ем....
Ол нәзік жанды әйел болғанымен, ер-азаматтардан қалыспай еңбек етті. Қажырлы еңбегінің арқасында көптеген белестерді бағындырып жетістіктерге қол жеткізді. Еңбегі бағаланып, ортасына сыйлы болды. Отыз бес жыл әр салада тынбай еңбек етіп, зейнетке шықты. Камалдың бақыты – Болаттай ақылман, дара, жанкешті, еңбекқор, жанашыр, қайырымды, кішіпейіл жұбайының болғандығы. Болат Камалға адал жар бола білді. Ол да халық игілігі үшін қызмет етті. Үлкен мақсаттарды көздеді. Тіршілігі мағыналы да баянды болды. Отбасы үшін, ұлты үшін, адамзаттың адами тұғыры үшін еңбек етті. Өнерден де құр алақан емес. Бір жағы ақын, сазгер. Бұл сөзімізге дәлел «Достарым», «Қызыма» сынды өлеңдерді дүниеге әкелді. Екеуі де «Еңбек бәрін де жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан абзал жандар. «Екі жақсы қосылса ай мен күндей жарасар...» деп халқымыз айтқандай, екі жақсы қосылып, өмірге бір ұл, үш қызды әкелді. Тату-тәтті отбасын құрып, осы балаларын екеуі бірге жеткізді. Аллаға шүкір ұрпақтары мәуелі бәйтеректей қанат жайып өсіп келеді. Балалары өмірде өз орындарын тауып, ата-аналарының көз қуанышына айналып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Адал еңбекті арқа тұтқан ана ұрпақ тәрбиесіне де терең мән берген. Ұлын - ұлықты, қыздарын - қылықты қылып өсіріп-тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Осы бала-шағасының қызығын жолдасы - Болатпен бірге көріп, үнемі жақсылықтарына ортақтасып келеді. Бүгінгі таңда ұл-қыздарынан Темірхан, Аниса, Абылай, Алияр есімді тәп-тәтті немерелері бар. «Бала - балым, баламның баласы - жаным» деп немерелерін бауырға басып отыр. «Апалап», «аталған» немерелерінің балдай тәтті қылығы жандарына демеу, көңілдеріне қуаныш сыйлап келеді. Осы немерелерінен шөбере сүйсек деген асқақ армандары да жоқ емес. Алла сол күнге жетуді нәсіп етсін. Біз қашанда ниеттес, тілеулеспіз. Олардың жапырағы жайылған мәуелі бәйтеректей өнегесі ұрпағына осылайша жұғысты болып келеді.
Бүгінде Болат пен Камалдың шаңырағы шаттыққа толы. Балаларына қамқор болып, немерелеріне өнегелі өмірлерімен тағылымды тәрбиелерін үлгі етуде. Даралық пен даналыққа толы әкенің ақ батасын, жүрегі мейірімділік пен имандылыққа толы ананның жылы лебізін алған балалары өз қызметтерін адал атқарып, алған тәлім-тәрбиелерінің жемісін көруде. Ата-анасының салып берген сара жолын абыроймен жалғап келеді.
Дана халқымыз «Келіні жақсының керегесі алтын», - деп бекер айтпаса керек. Сүйікті келіні Айнұрын қызындай көріп, тіршілікте кездескен қиындықтарды жеңе білуге үйретіп, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға баулыды. Айнұр жан-жары Данияр екеуі жарасып, осы әулетке келін болып түсті. Қазіргі таңда екеуі балалы-шағалы болып, бір әулетке айналып отыр.
- «Өзімді өмірдегі барлық жақсылыққа баулыған тәлімгерім бола білді. Қызындай аялап, еркелетті. Мені ұлы Даниярдан артық көрмесе, кем санаған жоқ. Ардақты анамыздың тұла бойынан тектіліктің, қазақылықтың, инабаттылықтың, бауырмалдықтың иісі қашанда аңқып тұрады. Өзімді өмірдегі барлық жақсылыққа баулыған тәлімгерім бола білді. Тіпті перзенттеріміздің қалай өсіп қалғанын сезбей де қалдым. Оның бәрі де енемнің арқасы. Үнемі басы-қасымда болып жол көрсетіп, біліп білмегенді үйретуден шаршаған емес. Міне, осындай асыл адам әулетіміздің ақылшысы, бәйтерегі, байлығы, қазынамыз» - деп келіні Айнұр да енесін анасындай көріп, үнемі мақтанышпен айтып отырады. Ене мен келін арасындағы татулыққа сүйсіне де қызыға да қарайсың.
Менің Камал досым өзіне тән азаматтық арман-мақсатының асуларын бағындыра отырып, байыпты да қарапайым, елгезек, ашық-жарқын, көпшіл мінезінің арқасында өз ортасына сыйлы ғұмыр кешуде. Өзінің білімділігімен, адамға тән адамгершілік қасиетімен ел-жұртының, өз ортасының, ағайын-туысымен, дос-жарандарының алдында да үлкен құрметке ие. Әр әйел өз бақытын отбасы үшін күрескенде ғана табады. Әуелі адал жар, ибалы келін, ұл-қыздан немере көрер әжелікке жетіп шаңырағы шаттық пен берекеге толса, бала-шаға, туыстар аман болса - әйел бақыты сол болмақ. Бақыт дегенді әркім әрқалай бағалайды. Бірі-жете алмай жүрген мансап десе, екіншісі аста төк байлық дейді, ал, үшіншісі атақты айтады. Отбасы бақытын ешкім сыйға бермейді, қолдан да жасап ала алмайды. Ажарына ақылы сай замандасымның өзінің әйелдік бақытын анық тапқан жан екендігін мақтанышпен айта аламын. Табандылығы мен қайсарлығы, еңбекқорлығы мен қажырлылығы бір басына жетерлік, өзгелерге үлгі боларлық қасиеттері де жетіп артылады. Енеге де, жарға да, балаға да қалтқысыз көңілі мен мейірбан жүрегін сыйлаған ол сүйікті жар, аяулы ана, ибалы келін ғана емес, бүгінде ақылман әже. Заманның жақсысын да, жаманын да көрді. Әр сөзі өсиет пен өнегеге толы. Өзінің ниетіне сай сабырлы да салмақты, ақ көңіл, қонақжай, кішіпейіл, үлкен мен кішіге де сыйлы біртоға кісі. Дастарханын жайнатып, етін асып, жайдары мінезбен қашан барсаң да құшақ жая қарсы алып күтіп алады. Үйінің босағасынан үнемі ағайын-туыс пен жора-жолдастары арылмайтын. Сендермен өткен әр күнім, уақытым қуаныш пен бақытқа толы деп күлім қағып отырады. Бес уақыт намазында үзбей оқып келеді. Кішігірім той-томалақта, туған күндерде сылтауратып, ақ дастарханымызды жайып бір-бірімізге қонақжайлық танытудан жалыққан емеспіз. Бұл үрдіс бала-шағамызға да қасиет болып сіңді десек те болады. Олар бір үйдің баласындай тату-тәтті болып ержетіп, күні-бүгінге де дейін араласып тұрады. Достығымыз бауырмалдылыққа, туысқандыққа айналды десем артық айтқандығым емес.
Артынан ерген қос бауыры - Халық пен Нағимаға да үнемі қарайласып, қолұшын беріп, амандықтарын тілеп отырады. Ештеңеге мойымай, қайсарлық көрсеткен көненің көзі, бұл күндері 70-ке келіп отырған Камал сынды замандасымызды қалай ардақтасақ та, қалай төбемізге көтерсек те, артық емес.
«Бағаласаң тірі кезде бағала» деп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, талай-талай ізгі жолды басып өткен, ізетті ақылымен, парасатты үлгісімен, маңдай тері адал еңбегімен, елге елеулі болып жүрген осындай жанның еңбегін кейінгі буынға, өскелең ұрпаққа үлгі етіп, біз құрмет тұтпасақ, кім тұтады.
Шаңырағының шаттығы, сүйікті жар, балаларының ақылман анасы, немерелерінің абыздай әжесі, ардақты, адал досым Камал Кабиевнаны 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Осынау мерейлі белесіңде отағасына, балаларыңа, шаңырағыңның ұйытқысы, тамыры терең бәйтеректей тірегі болып, ортамызда аман-есен жүре бер. Өмірің қуаныш пен қызыққа толы болсын. Деніңе саулық тілейміз. Алла Тағала 100 жасқа келуді нәсіп етсін! Ұрпақтарыңның қуаныштарына бөлене бер.