Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты ауданымыз бойынша көптеген игі іс-шаралар өтіп жатыр. Осынау Ұлы Жеңісті бізге сыйлаған ардагерлерді құрметтеу - біздің міндетіміз. Жеңіс үшін аштыққа да, ауыр жұмыстарға да, тіпті өлімге де қарсы тұра білді. Қаншама азапты күндерді басынан кешіріп, бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді сыйлады. Сол үшін ардагерлерімізге рахмет айтқымыз келеді.
Осындай игі-шаралардың бастамасы ретінде аудандық жастар орталығы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында «Ардагерлерге тағзым!» атты облыстық жас ақындар айтысын өткізді. Айтысқа Алматы облысының бірнеше қалалары мен аудандарынан жас ақындарымыз бақ сынасуға келді. Атап айтсам: Қапшағай, Талғар қалалары, Панфилов, Жамбыл, Қарасай, Райымбек, Еңбекшіқазақ және Іле ауданынан іріктеліп алынған 12 жас ақынымыз бақ сынасып аламан бәйгеге түсті. Әрине, жарыс болған соң біреу жеңіледі, біреу жеңеді. Ақындардың шабысын бақылап, әділ бағасын беріп отырған әділқазы алқаларының мүшелері ауданымыздың айтыскер ақыны, жазушы Биғайша Медеуова, жазба ақын Әлібек Әубәкірұлы ағамыз, Алматы облысы жастар саясаты орталығының бас кеңесшісі Н.А.Көбентаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы С.Қабылбеков болды.
Бас жүлдені 12 ақынның ішінде ерекше көзге түскен Іле ауданының ақыны Бердіхан Қазірет жүлделі I-орынды Райымбек ауданынан келген ақын Қуаныш Әлімберді II-орынды Іле ауданынан Айбек Бестемкулов, III-орынды Талғар ауданынан Тілек Шерияздан иеленді. Сонымен қатар әділқазы алқалары ағаларымен сынға түскен ең жас ақын ілелік Аманбай Рамазанды ерекше атап өтті. Ақындарымыз Алматы облысы жастар саясаты орталығының бағалы сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айтыс жалпы аудан жұртшылығының көңілінен шықты. Ақындарға қолдау көрсетіп, қошеметтеп, шабыт беріп отырды. Болашақта ұлттық өнерімізді жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық тәрбие беру айтыс өнерін дамыту, біз сияқты жастардың міндеті деп білем.
|