Бүгін Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жолдап, бүкіләлемдік дағдарыс кезіндегі атқарылар нақты, маңызды іс-шаралар жайлы тоқталды. Елбасы Жолдауын «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының мәжіліс залында көпшілікпен бірге тыңдай отырып, бір серпіліп қалдық. Елбасы Жолдауы - қазіргі дүние жүзіндегі аумалы-төкпелі уақытта, әлемдік дағдарыс кезінде еліміздің тығырықтан шығар жол тауып, ел еңсесін түсірмей, елдігімізді сақтап қалатын маңызды құжат болып табылатыны сөзсіз. Біздер, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелері ауылдағы өзекті мәселелерді қарастырған кезде, денсаулық сақтау, білім беру мәселесі көп қозғалады. Себебі, ел ертеңі – сапалы білім мен ұлттың саламатты денсаулығына байланысты екені даусыз. Бүгінгі Жолдауда да Елбасымыз қандай киыншылық болса да, елдің алдындағы әлеуметтік міндеттердің толық орындалатыны жайлы, денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы - 28 %, білім саласы бойынша 29 %, әлеуметтік қорғау саласы бойынша 40%-ға көтерілетіні жайлы айтып, елді әлеуметтік қорғау мәселесіне үлкен мән беріліп отырғанын айтып өткені - біздерді қатты қуантты. Мұның өзі дағдарыс кезіндегі халыққа деген үлкен қолдау болып табылары анық. Осындай сын сағатта сабырлылық танытып, елдігімізді, бірлігімізді сақтап, аянбай ел болашағы үшін еңбектенуіміз керек. Ел болашағы мен биік мәртебесі өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын !
|