Басты  - БАЛАУСАЛЫҚТАР БАРЫН САЛДЫ...
 

 
 
 
БАЛАУСАЛЫҚТАР БАРЫН САЛДЫ... 02.11.2015

Өткен аптада "Әлеуметтік азаматтық базис "Болашақ" қоғамдық бірлестігі Чапай ауылындағы аяулы ұстаз, Әсия Құрманбаева жетекшілік ететін «Балауса» балалар мен жасөспірімдер аулалық клубында болып, "Асыл жанды, ардақты қарттарым-ай" атты Қарттар күніне арналған кештің куәсі болдық. Оған "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Р.Абилова, округ әкімдігі, ауыл қарттары мен №10 орта мектеп оқушылары қатысты.
Осы күні "Балауса" аулалық клубының қабырғасында жүріп тәрбие алған балалар терең мағыналы, тәлім-тәрбиеге мол кеш өткізді. Кеш өте әсерлі болды. Сәнді киінген балаусалықтар жұптасып та, жеке дауыста да музыка әуенімен ән салды.
Алдыңғы қатарда отырған асыл затты қарттарымызға арнап өлең жолдарын оқыды. Оларға өздерінің үйренген барлық тәрбие нәрінен шашу шашты. «Балаусаның» балалары сонау алғашқы ашылған 2002 жылдан бері көптеген жетістіктерге жетті, әртүрлі сайыстарға қатысып үнемі жүлделі орындарға ие болды.
Сол жетістіктерді осы кеште де дәлелдеп көрсете білді. Олар ән шырқап, би билеп, тақпақ айту арқылы өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар балалардың жетістігіне ата-аналар мен ардақты қарттарымыз ризашылығын білдірді. Балаусалықтар кеште өмірден алынған оқиға бойынша көрініс көрсетті.
Өмірдің жаңа бастауларына қадам басқан жеткіншектердің еңбектеріне, өнерлеріне ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар ақ тілегін жаудырды. Өз кезегінде балаусалықтар қарттарды сахна ортасына шығарып, әр қайсысын жиналған қауымға бір шумақ өлеңмен таныстырып, сый-сияпат көрсетті. Мұндай сәт әрбір бала мен ата-ана, әрі көрермен үшін өте маңызды. Бұл үлкен тәрбие мен тағлым болып табылады. Ата-анамен тәрбиешілердің және балалардың бірігіп жасаған қадамдары болғандықтан, өтілген кештің әрбір сахналық нөмірлері тек қана жақсы әсерін қалдырды. Жиылған қауым алдында сөз сөйлеген "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Р. Абилова жеткіншектердің "Балауса" аулалық клубында жүріп, үлгілі тәрбие алып, қолөнер, көркемсөз өнеріне баулығаны үшін аулалық клуб жетекшісіне, тәрбиешілерге, мұғалімдерге рахметін айтып ықыласын білдірді.
Кеш соңында қатысқан балаларға мадақтама қағазы тапсырылды.