МЕЙІРІМ ШУАҒЫ
Балалардың қажетті білім алуына материалдық қажеттіліктердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде «Мектепке жол» акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.
Акцияның мақсаты - мектепке баруға мүмкіндігі жоқ, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға қамқорлық көрсетіп, мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындауда көмек көрсету және оларға толықтай білім алуға жағдай жасау. Бұл шара біздің мектебімізде жалғасын тауып, іс-шаралар ұйымдастырылып, үндеулер таратылды. Сондай-ақ Э.Рүстемова, Б.Әлімханова, А.Кариева, А.Ибрагимов сынды жас мамандарымыз Боралдай кентімен, «Водник» ықшам ауданын толық аралап, мектеп жасындағы балаларды анықтау жұмыcтарын жүргізуде. Барлық азаматтарды көмекті қажет ететін аз қамтылған отбасыларға баланы мектепке даярлау мәселесін шешуге шақырамыз!
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА АСЫҒАЙЫҚ!
«Тайдың - мінілгені, баланың - жұмсалғаны білінбейді» десек те, егемен елдің ертеңі болар бүгінгі өрендерге жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз етіп, толыққанды білім алуына жағдай жасау әрбір азаматтың міндеті. Осы тұрғыдан ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де атқарар рөлі зор. Балалардың мұқтаждығын өтеу үшін олардың тиісті білім алуына, денсаулықтарын қадағалауға, жаман әдеттерге ұрынбауына осы секілді тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтуды мойнына алып отыр.
Дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы да басталып кетті. Осы акция аясында №38 мектеп-гимназия ұжымы бекітілген жоспар бойынша «Денсаулық, білім, тең мүмкіндік және қорғаныс - әр балаға» атты үндеуімен өз жұмысын жүргізу үстінде. Бұл бастамаға мектеп директоры Р.Шоманова және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Асанова ұйтқы болғанын атап айтқан жөн. Биыл да мектепке дайындық мәселесіне қоғам назарын аударып, акцияға демеушілерді тартып, аз қамтылған, қолайсыз, көпбалалы, толық емес отбасыларында тәрбиеленетін оқушылардың жағдайларына қанығып, әр мөлтекаудандағы оқушылардың мектепке дайындығы назардан тыс қалмағандықтың нәтижесінде мұқтажы көп балаларға көмек қолын созды. Басшылардың игі істерін жалғастырып, көмекке мұқтаж оқушыларға сынып жетекшілері мен ұжым мүшелері демеушілік көрсетуде. Оқушылардың ата-аналары мектеп әкімшілігіне және ұстаздарға алғыс сезімін білдіруде.
Жастық шақ - барынша білім нәрін жинап, жарқын болашаққа бастама қалайтын, қоғамдағы әлеуметтік орнын табуға талпынатын кезең. Осы кезеңдегі жеткіншектердің мектепке деген жолы әрқашанда ашық болса екен.
«Жерде жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» - деген тәмсілді ұстанатын халықпыз ғой. Мейірімі мен шуағын шашатын, бойында патриоттық сезімі бар, балаға жанашыр азаматтар «Мектепке жол» акциясына өз үлесін қосады деген сенімдемін!
Ізгілік адамгершіліктің белгісі
Жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған, көпбалалы отбасы және жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектепке баруын қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясы өтуде. Бұл шараның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасы және жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Олардың мектеп формасы, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылып, алаңсыз білім алуына жағдай жасау. Бұл қайырымдылық акциясы біздің мектебімізде жалғасуда. Балаларымызға көмек беруге демеушілер де табылып жатыр. Айта кетсек, жеке кәсіпкер Б.Жақашбаева әлеуметтік жағдайы төмен, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 28000 теңге көлемінде өз үлесін қосты. Сондай-ақ қадағалаусыз және оқуға бармай жүрген балаларды анықтау үшін мұғалімдердің қатысуымен рейд жүргізілді. Тұрмысы төмен отбасы балаларына қамқорлық көрсету ісі әлі де жалғасын табуда. Қайырымдылық акциясына қатысып, көмегін берген жанашыр азаматтарға алғысымыз шексіз.
ШЫН ЖОМАРТ ЖОҚТЫҒЫН БІЛДІРМЕС
Егемендік туы желбіреп, еңсемізді тіктеген мезетте мектеп өмірінде атқарылатын шаралар да мол болмақ. Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында республика көлемінде өтетін «Мектепке жол» акциясы қарқынды қолға алынуда. Біздің мектебімізде үндеуге барынша атсалысуда. Атап айтсақ, РСУ-1 мекемесінің бастығы, «Нұрлан» дүкенінің басшысы С.Тұтқышбаев, «Салтанат» дүкені, «Бақтияр» дүкені, «Сенім» дүкені, «Жетіген» дүкені және мектебіміздің ұстазы Райхан Абдусатарова Пидайқызы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешек, азық-түлікпен және қаржылай көмек қолын ұсынды.
Мектеп ұжымының үндеуін қолдап, көмек қолын созған ізгі жандарға №3 орта мектеп әкімшілігі шексіз алғысын білдіреді. Қайырымдылық шарасына атсалысқан азаматтарымызға дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз. Еңбектеріңіз жансын. Алдағы уақытта осындай қол ұшын берген азаматтарымыз көбейе берсін демекпіз!
БАЛАЛАР ҒОЙ, БҮГІНГІНІҢ ЕРТЕҢІ
Міне, 2015-2016 жаңа оқу жылы да басталды. Оқушылар мен олардың ата-аналары жаңа оқу жылына дайындықтарын әлдеқашан бастап жіберген. Өкінішке орай, мұндай дайындықтардан алшақта жатқан отбасылар да кездеседі. Осындай әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан және жетім балаларға көмек көрсету мақсатында 1 тамызынан 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» атты жалпы республикалық акция ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген отбасындағы оқушыларға көмек көрсету. Бұл акцияға өздерінің кішкене болса да жастарға деген жылы лебізін білдіріп, қол ұшын созу мақсатында Жетіген ауылының ЖШС «РСУ-1» мекемесінің бастығы Ғ.Қоңырбаев, Жетіген ауылдық округінің әкімі Н.Абилев, Қазақстан Республикасы «Мир» әйелдерінің қоғамдық бірлестігінің төрайымы П.Арсмазы, Жаңаарна ауылының тұрғындары және №35 орта мектеп ұжымы қатысып, қолдан келген көмегін аямаған, бала көңілін барынша аялаған осындай кең пейілді абзал жандарға айтар алғысымыз шексіз.
|