Басты  - БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
 

 
 
 
БІЗДІҢ ТҮЛЕК - БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
02.07.2015

Біздің мектебімізде мақтан тұтар оқушыларымыз жетерлік. Соның бірі - биылғы мектебіміздің түлегі, біздің мақтанышымыз Еркебұлан Бекқалиев. Ол Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы №20 орта мектептің түлегі. Өзінің ұқыптылығымен, еңбекқорлығымен, ұғымталдығымен, салмақты да сабырлы мінезімен ерекшеленеді. Әрқашан үлкенге - қолғанат, кішіге - қамқор. Еркебұлан сабағында үздік оқып қана қоймай мектептегі, сыныптағы, қоғамдық іс-шараларға да белсене атсалысады. Сонымен қатар Отанына, еліне деген патриоттық сезімі өте жоғары. Ән айтып, өлең де оқиды. Тіпті әртістік шеберлігі де бар.
Талапты да жас өрен мақтау мен марапаттаудан да кенде емес. Атап айтсақ, Алматы облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Дарын - 2014» ғылыми-әдістемелік облыстық байқауының ІІ-орын иегері, «Әлем таныған Әуезов» байқауының жеңімпазы және «Таң» телеарнасы ұйымдастырған «Балдәурен» тележобасының қатысушысы. Еркебұлан Бекқалиевтің зерек, талантты білімді болып өсуіне әкесі Бекқали мен анасы Гүлмира Таңқашованың сіңірген еңбектері орасан зор.
Әрқашан баласының алаңсыз өсіп білім алуына қолайлы жағдай жасап, мектеппен үзбей байланыс жасап, үнемі қолдау танытып отырды. Үлгілі отбасының үкілеген үміті болып отырған Еркебұланға тек қана сәттілік тілейміз. Қалаған оқуыңа түсіп, ата-анаңның, ұстаздарыңның үмітін ақта. Біз сені мақтан тұтамыз әрқашан.