Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауы ел экономикасының қалыпты дамуы және өсімді қамтамасыз етудің жолдарын көрсеткен жаңа экономикалық стратегия болып отыр. Жолдау бойынша қорытынды сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз», деп атап өтті. Сонымен қатар, ол барлық жауапты жұмыстар елдегі этносаралық келісім мен тұрақтылық болған жағдайда ғана қолжетімді болатынын айтты. «Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес», - деді Президент. Сондықтан да, еліміздің әрбір саналы жасы, жігіт ағасы, ақсақалы жайлы тұрмыс пен жасампаз өмірдің негізі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына қолдан келген көмегімізді жасауға міндеттіміз. Бұл Жолдаудағы мақсат пен әрбір мүдделерді біркісідей жүзеге асыру үшін әрбір адамның, яғни тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмау керек. Осыған орай 2016 жылдың 21 сәуірінде Елбасы Н.Назарбаев қол қойған тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының 3 Кодексіне және 6 заңына енгізілген. Мұнда тауарларды сатуға, кері қайтаруға және айырбастауға қойылатын талаптар жетілдірілген. Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың мақсаты – тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер мен ұсынылатын тауарлардың сапалы болуын, олардың халық игілігіне жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады. Біз заңдарға енгізілген өзгерістерден жағымды қорытындылар күтіп отырмыз. Себебі – осыған дейін заңның кейбір талаптары көптеген Кодекстер арқылы бекітілмеген болатын. Енді заң бұзушылықтар бойынша ӘҚБ Кодексі және Қылмыстық Кодекс бойынша көптеген өзгерістер енгізіліп отыр және тұтынушылардың осы өзгерістерді пайдалана білуі яғни құқықтық сауаттылығын арттыруы да көзделіп отыр. Біз осы мәселені халыққа жеткізу үшін арнайы жиындар өткізіп, мониторинг жасап, оны талқылап нәтижесін бақылауға алып отырамыз. Осы мониторинг нәтижесінде анықталған тұтынушылар құқығын бұзушылықтар – бұл қоғамдық тамақтандыру орындары, сауда нүктелері және коммуналдық қызмет көрсету салаларында болып отыр.
Қазіргі таңда қай салада болмасын тұтынушының өз құқығын білуі, өмірде кездесіп жататын көптеген келеңсіз жағдайларда көмектеседі. Күн сайын халыққа қызмет көрсету орта¬лықтарында (дүкен, базар, шаштараз, өндіріс және т.б.) тұтынушы құқығы жиі бұзылып жатады. Соның ішінде көп кездесетіні азық-түлік сапасыздығы. Сонымен бірге, тұтынушы қандай да бір тауар сатып алып жатса, сатушыдан кассалық түбіртек талап етуге құқылы. Себебі, сатып алған тауар сапасыз болып шықса, ал түбіртек болмаса, тұтынушының дәл сол жерде сауда жасағанын ешкім дәлелдей алмайды. Сондай-ақ, 14 күн ішінде азық-түліктен өзге заттар тұтынушының талабын қанағаттандырмаса немесе қажетті сипатқа ие болмаса, оны ауыстыруға толықтай құқығы бар. «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 14-бабында: «Кепілді мерзім ішінде тауардың сапасы өзіне сай емес болса, тұтынушы сатып алынған бағасын мөлшерлес азайтуды, тауардың кемшіліктерін ақысыз алып тастауды немесе тиісті сапасы бар тауарға ауыстыруды, шығынның орнын толтыру туралы келісім-шартты бұзуды талап етуге құқылы». Егер, тауарды ауыстырудың қажеті болмаса, төлеген ақшаны қайтарып алуға құқылы. Кез-келген сауда орындарынан «тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген жазуларды көруге болады. Алайда, бұл хабарламалардың заңсыз екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың арзан базарда немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, сіздің құқығыңызды қорғайтын арнайы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның барын естен шығармағаныңыз жөн. Тұтынушының заңды құқығын және мүддесін пайдалануға мол мүмкіншілігі бар.Тұтынушылар құқығын қорғау – тұтынушылардың тиісті сападағы, өмірі мен денсаулығына қауіпсіз тауарларды (орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу, тауарлар мен олардың дайындаушылары туралы ақпарат алу, олардың мүдделерін мемлекеттік. және қоғамдық тұрғыда қорғау, тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарға бірігу құқықтарын жүзеге асырудың мемлекет белгілеген тетігі. Елімізде тұтынушыны және оның құқығын қорғау мәселесі «Тұтынушының құқығын қорғау туралы» Заңмен реттеледі. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деп бекер айтылмаған. Әрбір өндіруші немесе затты сатушы көрсеткен қызметі мен тауары үшін заң алдында жауапты. Сондықтан да өз құқығыңызды қорғап қалудан аянбаңыз.
|