Басты  - ӨМІРІ-ӨНЕГЕ, ІСІ-ҮЛГІЛІ БОЛАРЛЫҚ ЖАН
 

 
 
 
ӨМІРІ-ӨНЕГЕ, ІСІ-ҮЛГІЛІ БОЛАРЛЫҚ ЖАН
02.06.2015

 «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Шағын отбасының ғана емес, тұтас бір мемлекеттің дамуы үшін де өз еңбегімен сүбелі үлесін қосып жүрген қыз-келіншектер мен асыл жар, аяулы аналар бүгінгі қазақ қоғамының қалыпты дамуында да қалыс қалған емес. Сондай жандардың бір і- Бұдұғұлова Қарлығаш Тұранқызы.
Бар ғұмырын кітапхана саласына арнаған Қарлығаш Тұранқызының уақытының көбі оқырмандарына арналған. Себебі, осы салада қызмет атқарғанына 32 жылдың жүзі болды. Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын кітапханашы-библиограф мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман еңбек жолын 1983-1987 жылдары Авангард пен Торғай ауылдық кітапханаларында бастаған еді. Кейіннен 1996-2003 жылдар аралығында Шелек аудандық кітапханасында кітап өңдеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Көп кешікпей, 2003 жылдың сәуір айынан бастап, Іле аудандық кітапханасына ауысты. 2008 жылдың ақпан айынан бастап осы кітапханада әдістеме бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Жалпы кітапхананың іс-шараларын ұйымдастырып, өткізу жұмыстарына белсене атсалысып, кітапханашыларға көмегін көрсетіп отырады. Заманауи технологияларды, соның ішінде «РАБИС», «КАБИС» бағдарламасын жан-жақты меңгерген.
Қажырлы еңбегі мен бойындағы ұлтжанды ұлы қасиеті оны зор табыстарға жеткізіп келеді. Атап айтсақ, 2007 жылы аудандық «Қанатты әйел», номинациясы бойынша марапатқа ие болса, 2004-2008 жылдардың қорытындысы бойынша «Үздік кітапханашы» атанды. Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, «Әлеуметтік-азаматтық базис «Болашақ» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен» және 2013 жылы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының бас директоры Ә. Асқардың атынан кітапхана ісі мен оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен қатар 2014 жылы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауында Іле ауданының атынан қатысып, естелік сыйлыққа ие болды. Өзінің еңбек жолын шыңдау мақсатында Петропавл және Астана қаласындағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өткізілген «Қазақстанда және АҚШ-та азаматтық қоғамның құрылуы» атты форум-тренингке, Өскемен қаласында өткен «Кітапханалар келешек үшін» атты республикалық форсайт-конференциясына қатысып, арнайы «Сертификат» алып қайтты.
Жақында, әріптестерінің арасында ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, оқырмандарының ықыласына бөленіп жүрген көңілі жайдарлы, ер мінезді Бұдұғұлова Қарлығаш Тұранқызы елу жасқа толады.
Қарлығаш апайдың жүрегі мейірімге толы, байсалды да, ізетті де ізгілікті, кең пейілді жан. Жұмыста ер мінезді майталман маман. Үлгілі отбасының қамқоршысы, асыл жар, аяулы ана, инабатты да ізетті келін, немерелерінің сүйікті апасы, бір сөзге сыйдырғанда бақытты әйел. Осы қасиеттердің бәрі бір нәзік жанның өн бойынан табылып келеді. Өмірлік жолдасы, отағасы - Қайырбек Бұдұғұлов екеуі бір шаңырақ астында отыз жыл тату-тәтті өмір сүріп, үш перзенттерін ұяға қондырған бақытты ата-ана. Тұла бойы тұңғыштары - Дәулет «Данияр-СЕК» ЖШС-де инженер ПТО мамандығы бойынша қызмет атқарса, қыздары Динара - аудандық орталық аурухананың «хирургия» бөлімінде мейірбике. Сүт кенжелері - Айдана Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі. Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан - Нұртілеу, Әділет, Нұржігіт, Нұрислам, Айша есімді тәп-тәтті немерелері мен жиендері желкілдеп өсіп келеді. Алла Тағала берген перзенттері ата-аналарының ғибратты ғұмырынан сабақ алып, аяулы жандардың үкілеген үміттерін ақтап келеді.
- «Мен жалынды жастық шағымды да, орта жасымды да кітапханада өткіздім. Сондықтан кітапхана жаныма өте ыстық. Тығыз байланыстамыз. Осы кітапханадағы әр кітап менің сырласым, досым десем де болады. Себебі кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын танытқан, оқытып-үйреткен - кітап. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық», - деп ағынан жарылды мерейтой иесі.
Адам өмірінің ең бір асыл кезі 50 жасқа толып отырған Бұдұғұлова Қарлығаш Тұранқызының әлі алда бағындырар белесі, алар асуы аз емес. Туған-туысының, ұжымының, дос-жарандарының абыройына бөлене алған Қарлығаш Тұранқызына біз өмірдің бар жақсылығын тілейміз! Осындай қарқынымен талай жетістіктерге жететініне сенімдіміз. Оның өмірі нағыз майталман маманның, ұлағатты ананың, еліміздің абзал азаматының өнегесі. Отанымыздың, ауданымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай тәнті істерді атқаратыны сөзсіз. Еңселі елу жасыңыз құтты болсын демекпіз!