Басты  - ҰЛЫ ЖЕҢІС - ҰРПАҚҚА АМАНАТ
 

 
 
 
ҰЛЫ ЖЕҢІС - ҰРПАҚҚА АМАНАТ
02.02.2015
Ұлы Жеңіс! Қаншама боздақтардың өмірін қиған, талай шаңырақты ортасына түсірген соғыс өртінің өшкеніне 70 жыл өтті. Қаншама шаңыраққа қаралы қайғы әкелген бұл сұм соғыста біреулер әкесінен, біреулер жалғыз ұлынан, ағасынан, ет-жақындарынан айырылды. Тіпті хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?... Арамызға аман-есен оралған қарт майдангерлерге құрмет көрсету біздің парызымыз, міндеттіміз. Қазіргі соғыс ардагерлерінің қатары күннен-күнге сиреп барады. Олардың Отан алдындағы ерліктері мәңгі ұмтылмайды. Тарих беттерінде, ұрпақтарының, ел есінде мәңгі сақталады.
Өткен аптада қайсарлық пен қаһармандықтың символы іспеттес Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектептің мәжіліс залында «Ер есімі - ел есінде» атты кездесу кеші өтті. Басты мақсаты қайсар жауынгер батырлардың ерлігін жастарға дәріптеп жеткізіп, майдан даласында шейіт болғандардың рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге, патриоттық тәрбие беруге тәрбиелеу. Арнайы слайдтар мен билбордтар көрнекілікке қойылды.
КазЦИК ауылынан Ұлы Отан соғысына жүзден астам ер азамат аттанған. Ауылда қаншама тыл еңбеккерлері жеңіс үшін аянбай еңбек етті. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы, КазЦИК ауылдық округінің әкімі Күзембаев Серік Исаұлы, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы, мәслихат депутаты Исаев Әмзе Әлдибекұлы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері қатысты. Осы кеште сөз алған округ әкімі Күзембаев Серік Исаұлы соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, жеңіс пен тыныштық сыйлаған аталарға алғыс айтты. Ардагерлердің қан майдандағы ерліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан оларға үнемі құрмет көрсетіп, тағзым жасаймыз. Отан алдындағы борышын артығымен өтеген ақсақалдар өмірі мен өнегесі жас ұрпаққа тағылым болары сөзсіз. Жеңістің 70 жылдығына әзірлік барысында түрлі шаралар қолға алынуда. Әрбір майдан және тыл ардагеріне қанша құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Себебі, ерлік пен еңбектің өтеуі – елдік құрмет! Сонымен қатар соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы, мәслихат депутаты Исаев Әмзе Әлдибекұлы құттықтады.
Кеште оқушылар кезінде бар малын сатып, майданға танк жіберген атымтай жомарт, марқұм Еламан Қабылдаевтың ерлігі жайында, бүгінде араларында жүрген соғыс ардагері Карл Алдабергенов, Өзбек Қайрақбаев туралы айтып, өз ойларын көпшілікпен бөлісіп, сахналық көріністерін көрермендерге тарту етті. Тағылы мен тәлімі биік кеш өте әсерлі өтті.