Басты  - ТҰТЫНУШЫ, ТАЛАБЫҢДЫ КҮШЕЙТ
 

 
 
 
ТҰТЫНУШЫ, ТАЛАБЫҢДЫ КҮШЕЙТ 01.09.2015
Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы Іле аудандық «Тұтынушылардың құқығын қорғау» басқармасымен бірлескен меморандумға сәйкес «Қаржы саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғау» мәселесі туралы дөңгелек үстел өткізілді. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Абилова, аудандық «Тұтынушылардың құқығын қорғау» басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Абеуова, аудандық прокурордың аға көмекшісі Е.Мұстафин, сот төрайымы А.Устенова, «ЦентрКредит» банкі жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету, сату бөлімінің басшысы А.Мұханбаева, Халық Банкі несие беру бөлімінің басшысы С.Шинкоренко, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Қоңырбаев, «БКУ» ЖШС-ң жетекшісі Л.Пак және «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері қатысып, өзара пікір алмасты.
Онда адамдардың құқығы заңмен қалай қорғалатынын, тек оның қалай жүзеге асатыны және қаржы саласындағы тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында көптеген ұсыныстар айтылды.
Жиында сөз алған аудандық «Тұтынушылардың құқығын қорғау» басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Абеуова «Өкінішке қарай, тұтынушы маңдай терімен табылған қаржыға қажетті тауарын сатып алып, кейін оның сапасыздығына немесе жарамсыздығына көз жеткізсе, сауданың дұрыс жасалмағандығына өзін кінәлап, бармағын тістеп қала береді. Бұл әрине, дұрыс емес» - деп бастады. Ол тұтынушылар азық-түлік дүкенінде ғана емес, банктерден несие алу сияқты өте жауапты тұстарда олқылықтар жіберетінін айтты.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы Заңы 12-бабының 2-тармағында: «Өнім немесе тауар (жұмыс, қызмет) тұтынушының өміріне, денсаулығына, мүлкіне және қоршаған ортаға қауіпсіз болуға тиіс. Мұны қамтамасыз ететін талаптар міндетті және белгілі бір заң шеңберінде бекітілген» деп көрсетіледі. Бүгінгі біздің қоғамның әрбір азаматының көкірегі ояу, көзі ашық. Сондықтан, кез-келген тұтынушы сапасыз тауарға ұрынған кезде әділдік орнататын мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға шағымданып, өзінің құқығын қашан да қорғай білуі тиіс. Мысалы, ауданымызда 10 жылдан бері «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Бірақ, оны білетіндерден гөрі білмейтіндердің қатары қалың шығар? Бұл, әлбетте, тұтынушының кінәсінен емес, аталмыш ұйымның толыққанды жұмыс істеуіне жасалған жағдайдың төмендігі мен ондағы ақпараттандыру ісінің шалалығынан деп білеміз. Десек те, бұл қоғамдық ұйымға жылына 100-ден аса тұтынушы шағым айтып, олар өздерінің басына төнген қиындықты осы қоғамның тәжірибелі мамандарымен бірлесе шешеді. Аталмыш қоғамдық ұйымның мақсаты сатушы мен тұтынушы арасындағы әділдікті орнату болып табылады. Ұйымға жүгінген шағымданушылардың барлығының ісі сәтті аяқталатын көрнеді.
«Қазақстанның әр азаматының құқығы қай кезде болсын қорғалуға тиіс. Елімізде тұтынушының құқығын қорғайтын әділдіктің бар екендігін білмей, қаншама жұрт тұтылып жатады. Солардың көбісі аудандық соттың табалдырығын тоздыруда. Тұтынушыларға келіп түсетін шағымның көбісі несие алып, оны дер кезінде қайтара алмайтындар. Сот жағдайында құжаттың сәйкестігі басты талап, өйтпейінше сот шешімі тұтынушының пайдасына шешілмейді. Біздің мамандар соттың үдерісіне қажетті барлық материалдарды жинастырады. Сотта қаралатын іс-қағаздар жеңіспен оралатындай толық әрі дәлелді болуы керек. Өйткені, кейбір жағдайда сенім алдамшы болуы мүмкін», - дейді жиынға сөз алған судья Устенова.
Жалпы тұтынушы өнім өндіруші, тауар сатушы немесе қызметін ұсынушының алдында өзіне тиісті құжаттарды белгіленген мерзімді ұтымды пайдалана білсе, оның құқығы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың араласуымен оңай қорғалады.
Сондай-ақ жиынға қатысқан «ЦентрКредит» банкі жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету, сату бөлімінің басшысы А.Мұханбаева несие алу кезіндегі түйткілдердің барлығына жеке-жеке тоқталып, жиналғандарға нақты ақпарат берді.