Әлемнің 43 мемлекетінен 345 былғары қолғап шеберлері арасынан суырылып шыққан боксшы қызымыз Балауса ақтық сында италияндықтар үкілеп әкелген өкілін 2:1 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанды. Қаршадай қайсар қызды әуежайдан ата-анасы, туған-туыстары, ауылдастары және аудан әкімінің орынбасары Дәурен Жүнісов, аудандық спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ортыбаев және бірге жаттығып жүрген жас спортшылар құшақ жая қарсы алды.
Тайпейде әлем чемпионатының басы-қасында жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ибраимов: - «Бұл жасөспірімдер мен жастар арасындағы өтіп жатқан алғашқы чемпионат. Өздеріңізге белгілі АҚШ пен Ресей сынды алпауыт мемлекеттер өздерінің ең мықты боксшыларын алып келді. Жалпы есепте Қазақстан Ресейден кейін ІІ-орынға ие болды. Екі алтын, екі күміс, жеті қола медаль алдық. Сөйтіп, біз он екі медальді қоржынымызға салдық. Соның ішінде Алматы облысының түлегі Балауса Мүздиман жастар арасындағы Әлем Чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп, ақтық сында Еуропа чемпионы италиялық Кончетта Марчезені ұтып, жеңімпаз атанды», - деді.
Жаттықтырушы Ермахан Ибраимовтың айтуынша Қазақстан бокс федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі осы қыздар арасындағы бокстың дамуына ерекше назар аударып отыр. Өйткені, болашақта Рио-де-Жанейрода өтетін жаздық олимпиадаға қыздар боксының үш салмақ дәрежесі бойынша олимпиада бағдарламасына енген. Біздің Балауса Мүздиман да осы байрақты бәсекеде шаршы алаңда атой салады деген үмітте.
Балаусаның жеке тренері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сағатбек Мұсахановтан біздің қыз қалай өнер көрсетті деген сұрағымызға: - «Балауса алға қойған жоспарымызды толық орындады. Айтқан кеңестерімізге құлақ түріп, жеңіске жетті. Балауса жалпы флегматик, яғни мінезі қалыпты. Бірақ ол шаршы алаңға шыққанда танымай қаласың. Өте ширақ қимылдайды. Сонымен қатар өте тәртіппен өзіне тән тактиканы қолдана отырып жұдырықтасады. Жалпы елімізден 22 қыз барды. Соның ішінде Алматы облысы 1 алтын, 1 күміс, 1 қолаға ие болды», - деп жауап берді.
«Бокстан болған әлемдік чемпионатта 2:1 есебімен жеңіске жеттім. Бұл жарысқа екі жыл дайындалдық. Ағайым 8 ай бұрын «Сен әлем чемпионы боласың» - деп айтқан болатын. Ол кісі маған сенді. Сол сенімін ақтадым деп ойлаймын. Болашақтағы арманым - Рио-де-Жанейрода әлем чемпионы болу. Өткен жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алған едім. Сосын келесі жылы әлем чемпионатында алтын аламын деп алдыма мақсат қойған едім. Сол мақсатыма жеттім» - деп ағынан жарылды Балауса Мүздиман.
Біз Балауса Мүздиманға тек байрақты бәсекеде жеңіс тілейміз! Ауданымыздың атын әлемге асқақтатып, ақшиліктердің ақ батасын ала бер демекпіз.
.jpg)
|