Ел Президенті Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім және жалпы білім беру саласын мемлекет дамуының маңызды факторы ретінде айқындады. Сонымен қатар еліміздің болашағы балалар мен жасөспірімдердің білімді болуы – білім басшыларының басты міндеті ретінде алып, оларға үлкен сенім артып отыр. «Алда аса күрделі қиын кезеңдерге аяқ бастық. Біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт жетті. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек» деп үлкен міндетті бізге Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында аманат етті. Осы орайда мектеп мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік түсіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Біздің ауданымызға қарасты №1 орта мектептің ұжымы биылғы жылды ерекше бір леппен қарсы алып отыр. Есігін айқара ашып келген мешін жылында мектебіміздің ашылғанына 10 жыл болады. Ұйымшыл бұл ұжымның әр жасаған қадамы табысты болып отыр. Мектеп басшысы Г.Кульбаева әр игілікті шараның басында жүргендіктен көптеген жеткіншіктер мен мектеп түлектері «Алтын белгі», олимпиада, облыстық жарыс және байқау жүлдегері атанып үлгерді. Ұжым мүшелері бірлесе еңбек ете отырып, барлық шараларды бірге ұйымдастырып келеді. Осы қайырымдылық шарасының аясында жасаған игі істері үшін Р.Жуыстаева, А.Сатенова, К.Қуандықова, Ж.Қыдырбекова, А.Байгараева, Тасболатова, Г.Жылқайдарова сынды тағы басқа ұстаздардың есімін мақтанышпен атауға болады. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері де жағдайы төмен отбасыларына қолұшын созып, халқымыздың жомарттығын тағы бір паш етті. Аталмыш білім шаңырағының оқу ісінің меңгерушілері: М.С.Цулаева, А.А.Нурмаханбетова, Б.Ж.Туткабекова, Р.Махановалар осындай ізгі шаралардың үнемі басынан табылады. Әр жылдың басында республика көлемінде өтетін қайырымдылық акциясы мектеп жасындағы барлық жеткіншектердің хал-жағдайын тағы бір көріп, олардың білімге және өздеріне деген сенімін нығайтуға көмектесетіні анық. Қашанда қайырымды ұрпақ тәрбиелеп келген ата-бабаларымыз жетімін жылатпай, қорғансызға қолұшын берген. Сондықтан осы қамқорлық акциясы барысында әрбір ұстаз шәкіртінің тұрмыс жағдайымен жете танысып, қоян-қолтық еңбек етуге мүмкіндік алады.
Елбасы нық сеніммен айтқандай: «Рухы биік, еңбегі өрен, бірлігі мығым болашағы біртұтас, Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын. Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік! Мен халқыма сенемін», - деген сөзін әр қазақстандық азамат жадында сақтайды деп сенеміз. Біздің ұжымның басты мақсаты оқушыларға білім мен тағылымды тәрбие беру жолында бірлесе іс атқарып, нәтижелі білім сапасын көтеру.
|