БАСТЫ > Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы > ҚҰЖАТ

 
 
 
Тұмаудың алдын алу 19.01.2016
 Тұмау және басқада жіті респираторлық вирустық жұқпа— бұл әрбір адам өмірінде бірнеше рет кездестіретін жұқпалы вирустық сырқаттанушылық. Дүниежүзі бойынша тұмау және басқада жіті респираторлық вирустық жұқпа жиілігі және саны бойынша бірінші кезекте.
Бұл сырқаттанушылықпен жиі көктем, күз, қыс кезінде ауырады. Себебі осы уақытта ауа райының салқындығынан және күн сәулесі, дәрумен жетіспеушілігінен адам ағзасының иммунитеті төмендейді. Жіті респираторлық вирустық жұқпаның маусымдылық кезеңі күз мезгілінің соңғы айынан басталып, жоғары сырқаттанушылықтың ең көп тіркелуі қаңтар – ақпан айларына келеді.
Жұқпа көзі - ауру адам, әсіресе сырқаттанғаннан бастап алғашқы 2-3 күндері айналасындағыларға қауіпті. Жұқпаның жасырын кезеңі орташа алғанда 3 күнге дейін.
Тұмаудың барлық вирустары адамнан адамға ауа – тамшы жолы арқылы (түшкіргенде және жөтелгенде) беріледі.
Аурудың көріністері жұқтырғаннан кейінгі бірнеше сағаттан 3 күнге дейін созылады. Тұмауға жіті басталу көрінісі тән: дене қызуының көтерілуі (39-40°С дейін), әлсіздік, қалтырау, бұлшық еттері мен басының ауруы. Адамның беті, көзі қызарады (конъюнктивит, склерит), нәтижесінде мұрыннан су ағып, тамағы ауырып, құрғақ жөтел басталады. Кейбір жағдайда ішек бұзылысы болуы мүмкін.
Егер тұмау асқынусыз өтсе ауру 5–7 күнде аяқталады, бірақ 2–3 аптаға дейін бұлшық еттің ауруы, бас ауруы, әлсіздік сақталуы мүмкін. Тұмаудың ауыр жағдайында құрысу, естен тану, мұрыннан қан кетуі мүмкін. Осындай көрініс науқасты өлім жағдайына әкеліп соқтырады.
Жалпы жіті респираторлық вирустық жұқпаның емі дәрігердің қадағалауымен үй жағдайында жүргізіледі. Ауруханаға тек асқынған ауыр жағдайларды жолдайды. Науқас міндетті түрде төсек режимін қатаң сақтап және көп мөлшерде сұйықтық (жылы шәй, морс, кампот) ішу қажет. Жоғары дене қызуы кезінде ыстық түсіретін, әсіресе қажет жағдайда тұмау және жөтелге қарсы дәрілік заттарды пайдалану керек. Жіті респираторлық вирустық жұқпаны емдеу кезінде тыныс алу жаттығуы мен дәрумендік терапия жоғары нәтижелі әсер береді. Жіті респираторлық вирустық жұқпаның алдын алу үшін науқасты міндетті түрде қоршаған ортадан оқшаулау, тамақ ішетін арнайы ыдыс бөлу қажет. Жеке бас тазалығын қатаң сақтау тұмаудың алдын алудың бір шарасы болып табылады.
Бірақ тұмау жұқпасына қарсы ең жоғары нәтижелі тиімді шара бұл – тұмауға қарсы иммундау. Жыл сайын облыстық бюджеттен тұмауға қарсы иммундауға қаржы бөлінеді. Қазан айының басынан бастап облыста тұмауға қарсы иммундау мақсатты топтарға жергілікті медициналық ұйымдарда ақысыз түрде жүргізіледі.
Иммундау бірінші кезекте «тәуекел» топтағы бүлдіршіндер, балалар, мүгедектер, қарттар үйлері мен мектеп интернаттарының контингенттеріне жүргізіледі. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балаларға, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балаларға, екінші немесе үшінші триместрдегі жүкті әйелдерге иммундау жасалады.
Тұмауға қарсы арнайы иммундаудан басқа тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жоғарылау кезеңінде жұқпаның арнайы емес алдын алу шараларын да естен шығармауымыз керек. Қазіргі уақытта тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жедел және жоспарлы түрде алдын алу үшін дәрілік заттардың түрлері кеңінен таралған.
Жұқпаның жоғарылау кезеңінде тұмаудың алдын алуының ең қолайлы, кең таралған, қолжетімді түрі – тыныс алу жолдарын қорғау үшін қолданылатын бетперде. Осы кезеңде жіті респираторлық вирустық жұқпаның және тұмаудың алдын алу үшін мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан және жаппай шаралар ұйымдастырған жерлерге баруды шектеу, әсіресе балалар үшін жұқпа көзі мүмкін болатын қарым-қатынасты шектеу қажет.
Тұмаудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы мол, қолды жиі сабынмен жуу қажет. Түшкірген және жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек.
Барлық мүмкіндікті мүлт жібермей уақытында емханаға қаралып, жұқпалы аурулардың алдын алғаныңыз жөн.
Сырқаттануды емдегеннен көрі алдын-алу анағұрлым жеңілірек екенін естен шығармаңыз!