БАСТЫ > 

 
 
 
ОН ЖАСҚА КЕЛГЕН «ІЛЕ САЗЫ» 31.10.2016

       

Өткен аптада ілеліктер Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейінде «Іле сазы» балалар мен жасөспірімдер ансамблінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ансамблдің 10 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіз Қазақстаным!» атты концертін тамашалады. «Іле сазы» ансамблі қазір қанат жайып өнер мектебі болып қалыптасып, тамырланып жайқалып өскен алып бәйтерек болды десе артық айтқанымыз емес. Олардың алдыңғы буыны Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін аяқтап, өмір жолдарында күтіп тұрған үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Міне солардың жалғасы болып кішкентай ансамбль мүшелері ауданымыздың көркін енгізіп, атын облыс бойынша және шет елдерде асқақтатып жүр.

Мерейтойлық өнер кешіне құрметті қонақ болып «Іле сазы» ансамблінің алғашқы демеушісі Алматы облыстық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Н.Логутов, қазақ поэзиясының алтын қазынасы Ш.Сариев, ақын, А.Абдрахман, ансамбль әншілеріне өлең сөзін жазатын ақын, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков келді.

Кешті халықаралық байқаулардың лауреаттары «Зодиак» эстрада би ансамблі қазақ биі «Балбырауынмен» ашты. Тәуелсіздік - қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс десек, жан жылытар сол сәуленің ұшқындары осы өскелең өнерлі ұрпақ. Сан мыңдаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған -  Тәуелсіздіктің бүгінгі жемісі бойына қазақ өнерінің падишасы деп ән мен биін дарытқан «Іле сазы» ансамблінің ұжымын айтсақ болады.

Ал алғашқы орындалған ән С.Жарқынбековтің сөзіне жазылған Владимир Питерцевтің әні «Тәуелсіз Қазақстан» болды. Оны ансамбль мүшелерінен құралған хор орындады. С.Жарқынбеков, Ш. Сариев, В. Питерцев ағаларымыз ансамблдің қалыптасуына мол тер төккен жанашыр азаматтар. Олардың жазған әндері мен музыкалары көптің көңілінен шығып ел аузында жүр. Той-томалақтарда олардың шығармашылық еңбегінен шыққан әдемі саз әуеде шарықтап, тойдың сәнін келтіріп жүреді. «Іле сазы» ансамблі болса, сиясы кеппеген әндердің алғашқы орындаушысы болып танылады.

«Іле сазы» балалар ансамблі 2006 жылы қараша айында Іле ауданы әкімшілігінің жанынан құрылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі белгілі сазгер, Қазақстан Республикасы сазгерлер Одағының мүшесі, Қазақ өнері мен мәдениетіне зор еңбек сіңірген мәдениет майталманы В.Питерцев ал, ансамбілдің педагогы, мәдениет майталманы Г.Құрманғалиева болып тағайындалды.

 

 

 

Қазір «Іле сазында» сазгер В.Питерцевтің үш жүздей әні бар, оның ішінде елуден астамы балаларға арналған әндер. 2010 жылы Алматы баспасынан «Әнші болу - бақытың» атты балаларға арналған әндер жинағы, балалар әнінің дискісі, «Үкілі домбыра» әндер және күйлер жинағы жарық көрді. Сонымен қатар «Құс қанаты», «Отчий дом», «Вальс молодости», «Тамирис», «Сағынамын мен сені» әндер жинағы дискілері де шықты.

«Іле сазы» ансамблі құрылғанда, Іле ауданының 11 округтен тұратын ауылдарын аралап, әнге дауыстары бар балаларды таңдап алынды. Мысалы, Ақши ауылынан Б.Абилкасым, Қараой ауылынан М.Аитмұқанұлы, Байсерке ауылынан Қ.Джалғасов, Өтеген батырдан Ш.Үсенова, А.Сакенова, А.Үмбетов, А.Ермаханов, Е.Тұрсынхан, С.Жағыпбар және көптеген жас әншілер бар. Осы 10 жылдың ішінде ансамбль шәкірттері 100-ге жуық облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары атанды. Олар Қырғыз мемлекетінде өткен халықаралық «Барчын» фестиваль-байқауы, Түрік мемлекетінде «ART OLIMPIA» фестиваль-байқауы, «Fiestaloniya» Испан - Қазақстан, «Танысу Алматы» Италия - Қазақстан, «LUCKY PEOPLE» Ресей - Қазақстан, «Ерлігі - елге мұра» байқауларына қатысып, жүлдегерлері атанды.

Ансамбль есеп беру концерттері мен теледидарлық жобаларға қатысып отырды. Қарасай ауданы Жамбыл музейі сахнасында, Алматы қаласы Қазақ концерт залы, Талдықорған қаласында 5 жыл бойы өткен Мәдени күндері, Алматы қаласы Республикалық оқушылар сарайында «Әнші болу - бақытың» 5 жылдық мерейтойы, «Әнім саған, туған жер!» атты есеп беру концерті 11 округте өткізіліп, Алматы телеарнасының «Жауқазын» бағдарламасынан көрсетілді. 2007 жылы А.Абдрахман сөзіне жазылған В. Питерцевтің «Жетісу - жұмақ мекенім» әніне «Іле сазы» және үлгілі «Элегия» ансамбльдерінің қатысуымен бейнебаян түсіріліп, «Рахат» телеарнасынан көрсетілді.

Қазақстан телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасы, «Қазақтың 100 әні», «Өмірдің өзі» тележобалары, «Мәз-мейрам» және «Жаңа жылға жаңа жұлдыздар» концерттік бағдарламасы, Алматы телеарнасының «Жауқазын» бағдарламасынан әншілердің әндеріне түсірілген бейнебаяндары көрсетілді. Алматы телеарнасы «Жас таланттар» бағдарламасының жүргізушілері болып, танымал әншілер мен спорт жеңімпаздары, белгілі тұлғаларымен сұхбат жүргізді. «Балапан» телеканалының «Жануарлар әлемі», «Кім болам?» бағдарламаларына белсене қатысты.

 Әр жыл сайын облыстық, республикалық баспасөз ақпарат құралдарында «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «Қанат ұшса қатаяды», «Іле сазының кішкентай жұлдыздары», «Шын талантқа тұсау бар ма?!», «Өнерің өрге жүзсін «Іле сазы», «Іле сазы таңқалдыруын тоқтатпайды», «Бұлбұл көмейіне ұя салған», «Под небом голубым – голубое знамя», «Қайнар бұлақтың көзін ашатын «Іле сазы», «Асқан асулар мен қалықтаған ән», «Бағындырар белестер бар алдымызда» атты мақалалар жарық көрді.

Соңында мерейтойлық кештің куәсі болған құрметті қонақтар мен көрермендер жүрекжарды пікірлерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.

«Іле сазы» ансамблі ілеліктердің сүйіп тыңдайтын және қолдап, қолпаштап жүретін өнерлі ұжымы болып саналады. Әрқашанда кеңге жайған қанаттарың талмасын. Өнерлерің өрге жүзіп, мұхиттай қалың елдің еркелеген ерекесі атанып жүре беріңіздер дегіміз келеді.