Құрметті ілеліктер!
Cіздерді біздің еліміз үшін ең маңызды мерекенің бірі - Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Еліміздегі Негізгі Заң барлық қазақстандықтардың құқығы мен мүмкіндігінің кепілдігі, толайым табыстың мызғымас іргетасы. Көпұлтты ауданымыздың бірлігін бекем етіп, берекесін арттыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, қоғамдағы тұрақтылық пен әлемдегі бейбітшілікті нығайту басты мақсатымыз болып табылады.
Осыдан тура 21 жыл бұрын біздің еліміз өзінің негізгі Заңы - Конституциясын қабылдады. Содан бері ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғауға бағытталғандығын айқын дәлелдеп келеді. Біздің қоғамдағы бүгінгі қол жеткен табыстарымыз бен шыққан биігіміздің негізі осы Заңда. Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығы, табан тіреген асқарлы биігіміз ел Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер саясатының арқасында мүмкін болып отыр.
Ата Заңның аясында біз еліміздің өмірлік маңызы бар өзекті мәселелерін шешіп, демократиялық қоғамның негізін қалап, нарықтық экономиканы құрдық. Қазақстан әлемдік деңгейде танымалдыққа ие болып, әлемнің экономикалық жүйесінде өзінің лайықты орнын алды.
Білім беру, денсаулық сақтау тәрізді әлеуметтік салалар жоғары қарқынмен дамып, әр жыл сайын зейнетақы мен өзге де әлеуметтік көмектің көлемі артып келеді.
Құрметті жерлестер! Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз Қазақстанның жарқын болашағына деген зор сеніммен өмір сүріп келеміз! Өйткені, бірлік пен тұтастықтың тегеурінді күші қуат беріп, татулық пен ынтымақ шуақ дарытып, ісіміз алға басып, құт-берекенің бастауы кеңейіп, ырысымыз үстемелене түсуде. Осы мерейлі мереке күні баршаңызға денсаулық, бақыт пен табыс тілеймін!
Қ. МЕДЕУОВ,
аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы.
|