БАСТЫ

 
 
 

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

31.07.2017

    

Елбасы Н.Назарбаев жастарды жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік мекемелер мен түрлі кәсіпорындарда алғашқы тәжірибені жинақтап, білімін еңбекпен ұштауына қолдау көрсету жөнінде үнемі айтып келеді. Осы арқылы екі мәселенің алдын алуға болады. Яғни, жастардың арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу және қазақстандықтарды ел экономикасын дамытуға тарту. «Сәтті қадам» осы мәселелердің шешімін қарастырады. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын әр өңірде жүйелі түрде жүзеге асырып, нәтижелі шешімі бар нақты жұмыстарды іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Жергілікті жердегі жастардың көкейтесті мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп, билік пен жастар арасындағы алтын көпірге айналды.
Осының айқын дәлелі өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының ғимаратының мәжіліс залында «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында жастармен кездесу ұйымдастырылды.
Шараға жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобының мүшелері, партияның өкілдері, үйлестіруші ұйым «Жас Отан» Жастар қанаты мен БАҚ өкілдері қатысты.
Партиялық жобаның аталған бағыты 2016 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Жоба бағытының негізгі мақсаты – Ұлттық Бірыңғай тестілеу (әрі қарай – ҰБТ) тапсыру барысында шекті деңгейді жинай алмаған мектеп түлектерін одан әрі оқыту, жұмысқа орналастыру арқылы жас түлектерді оқуға және еңбекке әлеуметтендіру.
– «Елбасымыздың тапсырмасын орындау үш үлкен мәселенің түйінін шешуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, мектеп бітірген жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, бірден жұмыспен қамтылады, мамандық игереді және жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс күшімен қамтамасыз етіледі. Бірде-бір мектеп бітіруші біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Бұл қоғамға да, мемлекетке де өте пайдалы іс», - деді Ғани Дауталиев, «Жас Отан» Жастар қанаты төрағасы.
Шара соңында, ағымдағы жылы жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жасақталған жұмыс топтары өз жұмысын қайта бастауға әзір екендігін жеткізді. Өз кезегінде аталған топ жағдайды ұдайы бақылауда ұстап, дер кезінде қажетті шараларды қабылдайтын болады. Бұл жұмыс ауданның барлық аймағын қамтиды.