Апта басында аудан әкімі Қ. Медеуов Ақши ауылында жылдық есебін берді. Жиынға Алматы облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Е.Сыдыманов қатысты. Есепті кездесуде алдымен округ әкімі Д. Өгізбаев шығып, округтегі бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарын баяндады. Одан кейін мінберге көтерілген аудан әкімі жергілікті бұқараға өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, әкімдіктің осы жылы назарға алып отырған жоспарларымен бөлісті.
Ол ауданымыздың аумағында орналасқан ірі компаниялардың аянбай еңбек еткенінің нәтижесінде экономикамыз қарыштап дамып, мемлекеттік бюджетке 212,5 млрд. теңге көлемінде пайда түскенін зор мақтанышпен жеткізді. Бұл көрсеткіш әлеуметтік-экономикамыздың тұрақты екенін баса айтты. Елбасымыздың мемлекет құрылымы мен жаңа баспалдақтарға қадам жасауға бағдар болған «Мемлекет дамуының 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 5 институционалдық реформасының ел игілігіне қызмет жасап жатқанының айқын көрінісі, - деді нақтылады аудан басшысы өз есебінде.
Есепті кездесуде елдің жанайқайы назардан тыс қалмады. Ақшиліктер жайылым жерлердің жетіспеушілігін ортаға салды. Аудан басшысы бұл мәселе жайлы, аудандық жер қатынастары бөлімі мамандарымен аралап жүріп, меншіктегі қолданылмай отырған жерлерді халықтың игілігіне беру жолдарын қарастыратын болды.
Сондай-ақ, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Аудан жұртшылығы аудан басшысының атқарған жұмыстарын оң бағалап, түрлі салалар бойынша ұсыныстарын жеткізді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі ақшиліктерді жыл аяғына дейін көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарымен бөлісті. Алдын ала жасалынған сметалық құжат бойынша «Алматы-Талдықорған» газ құбыры магистраль алдымен Талдықорған қаласына тартылып, содан кейін ғана Ақши ауылына тартылады екен.
Көгілдір отын ақшиліктер үшін ғана емес, облыс орталығы мен оның маңындағы аудан тұрғындарының тіршілігіне серпін беріп, өндіріске өзгеше қан жүгіртеді деп күтілуде. Әсіресе, өңір кәсіпкерлері құбыр газының мазут пен қатты отынға тәуелділіктен құтқарып, сан-салалы кәсіпті өркендетуге жол ашатынына сенімді. Демек, табиғи газдың келуі өлкемізге өзгеше өң кіргізетіндігі анық.
Жалпы аудан әкімі Қ. Медеуовтың жылдық есебін бағалау үшін жарыссөзге шыққан ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ш. Мұқанов, №8 орта мектептің ұстазы Н. Мальцагова, «Ақши Даму» шаруа қожалығының басшысы Т. Омаров, Ақши ауылдық ауруханасының фельдшері А.Матай бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді.

|