Еліміз тағы бір жылды еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын қазақ халқы үшін әрбір жылдың орны ерекше. Әрбір өткен жыл тарих беттеріне Қазақстанның даму жолындағы жасампаз жаңалықтарымен жазылып келеді. Еліміздің жеткен жетістіктері мен толағай табыстары тек береке мен бірліктің арқасында екені баршаға аян. Өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстан қарыштап алға басты. Халқымыздың өз тәуелсіздігін сақтауға, нығайтуға белінің бекем екендігін байқатты. Ел болашағына деген сеніміміздің зор екендігін көрсетті. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасының халыққа арнаған Жолдауы қабылданып, мемлекетіміз жүйелі сатымен дамып келеді. Алға қойған "Қазақстан - 2050 " саяси Стратегиямыз орындалуда. Өткен мешін жылының да өзіндік ерекшеліктері болды, онда "Тәуелсіздік декларациясы” дүниеге келді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы кеңінен тойланды. Аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды істер де көз алдарыңызда.
Аудан тұрғындарының игілігіне арналған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілсе, білім, медицина салаларының ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, бірқатар қызмет көрсету орындары ашылды. Мұның бәрі берекелі бірлігіміз бен тиянақты тірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенімім мол. Жаңадан туып отырған тауық жылында көптен күткен асқақ Астана қаласындағы "ЭКСПО-2017" дүниежүзілік көрмесі мен әсем Алматы қаласындағы қыстық студенттер арасындағы Универсиаданың туының желбіреуіне куә болғалы отырмыз. Дәл осылай көптеген мерекелерді бірге қарсы алатын боламыз.
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміз дамудың даңғыл жолынан таймай, толағай табыстарға кенеле берсін! Жаңа жылда әр шаңырақ молшылыққа, бақыт пен шаттыққа бөленсін! Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Қ.МЕДЕУОВ, аудан әкімі,
"Нұр Отан" партиясы
аудандық филиалының төрағасы.