Қыркүйек айының басында Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тұңғыш рет Алматы облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасы бастау алған болатын. Міне, сол игіліктің иірімі болған «Рухани керуен – 2017» киелі Іле жеріне де атбасын тіреді. «Рухани керуен» жобасының басы-қасында облысымыздың «Алматы облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Р. Есдәулетов, Алматы облысы өкіл имамы Қ.Наржанов, облыстық «Жетісу» телеарнаның тілшісі Ж. Жұмахметов, «Ұлы мұра» қорының директоры, дінтанушы, заңгер Р. Нүсіпханов бастаған зиялы қауым өкілдері ауданымыздың тыныс-тіршілігімен танысты. Ұлттық кодымыздың айқындайтын тәмсілдерін жеткізді.
Аудан орталығы Өтеген батыр кентіне келген қонақтар алдымен осындағы «Үш ұрпақ» ескерткішіне гүл қойып, Отан үшін қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін әкімшілік залында жиын өткізді. Жиынды модератор ретінде аудан әкімінің орынбасары Н. Құматаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді «Алматы облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Р.Есдәулетов бастады. Ол: «Әлемдегі діни ахуалдың қиындығына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Оның салқыны бізге де тиюде. Соған қарсы экстремизмді болдырмау және асыл дініміз бен ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осындай жобаны қолға алдық. Игі шара көпшілігіміз үшін өте маңызды шара. «Рухани керуен» мүшелері Жетісу жеріндегі барлық аудан, ауылдарын 3 ай бойы аралап, дін және қоғамдық қарым-қатынастардың аражігін айтып, ажыратып түсіндірмек. Бұл керуен арқылы біз әсіресе, жас ұрпаққа дін мен салт-дәстүрдің егіз ұғымы екенін түсіндірудеміз. Ұлттық сана мен ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық сананы жеке дара бөліп қарау мүмкін емес. Мұның барлығы бір тамырдың өзегіндей дүние екенін көпшілікпен кең көлемде талқылаудамыз. Қолға алынған жұмысымыз нәтижелі және берекелі әрі жемісті болады деп ойлаймын» – деді.


Келесі сөз алған «Жетісу» телеарнанының тілшісі Ж.Жұмахметов рухани сөзінің астарына мән берді. Оның айтуынша, рух адамның бойында жаратылғаннан бері бар. Осы рухты жандандыру, адамның жастайынан алған тәрбиесінен, білімімен, біліктілігімен іске асатынын жеткізді.
Жиын соңында, қонақтардың берекелі бастамасына славян этно-бірлестігінің мүшесі, аяулы ұстаз ауданымыздың «Құрметті азаматы» Л. Гасанова сөз сөйлеп ыстық ықыласын жеткізді,
Айта кетейік, «Рухани керуен» жобасы аясында құрылған жұмыс тобы ауданымызды аралау барысында «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен келелі кездесу өткізді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кітап көрмесімен танысып, №24 лицейде «Рухани жаңғыру: бүгіні мен болашағы» тақырыбында білікті дінтанушы ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Осы күні аудан көлеміндегі мешіт имамдары мен жамағаттары арасында мини-футболдан орталық стадионда жолдастық кездесуін өткізді. Әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, туған жеріне деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында өз жұмыстарын жүзеге асырады.
|