Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Қ.Медеуовтың халық алдындағы есеп беру кездесулері жаңа қарқын алды. Аптаның сәрсенбісінде аудан басшысы Междуреченск ауылдық округінің халқымен жүздесіп, 2016 жылда жасалынған жұмыстарды тағы бір саралап өтті.
Есепті кешті аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова жүргізіп отырды. Облыстық уәкіл ретінде Алматы облысы, тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Е.Сыдыманов және аудандық мекеме басшылары, сонымен қатар ауыл халқы қатысты.
Ауылдың негізгі тіршілік көзі егін егу, мал шаруашылығы мен сауда-саттық мемлекет тарапынан жылма-жыл барлық деңгейде жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Междуреченск ауылдық округінде «Шабыт» ықшам ауданы жаңадан бой түзеп келеді. Онда қазір 600-ге жуық халық қоныстанған болса үй саны 300-ге жуықтаған. Ал оқушылар болса, Междуреченск ауылына қатынап оқиды. Ол үшін «Жаңыл» жеке кәсіпкерлігі тарапынан арнайы қоғамдық көлік бөлінген. «Шабыт» ықшам ауданы биыл жарықтандырылып, көгілдір отын желілері тартылмақ. Осы мәселе жөнінде аудан басшысы өз есебінде кеңінен таратып айтып берді. Одан қала берді Междуреченск ауылының орталық көшесі және тағы 6 көше күрделі жөндеуден өтпек.
Аудан басшысы Қ. Медеуов пен ауыл әкімі С.Абдибековтың жылдық есебінде жарыссөзге қатысқан Междуреченск ауылдық округінің Қауымдастық кеңесінің төрағасы С. Надкерничный, Жауғашты ауылының Қоғамдық кеңес мүшесі Н.Иштокина, шаруа қожалық иесі С. Жанқойлықов, №2 орта мектептің ұстазы М.Алданиязова, Екпінді ауылдық амбулаториясының дәрігері М. Жұмағұлов аудан осы өңірдің экономикасын барынша арттырып, елді мекендерді көріктендіру мен сәулеттендіру, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жүйелі түрде жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқандығын жан-жақты саралай келе аудан әкімінің және ауылдық округ басшысының жылдық жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағасын берді.
|